БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа тәртібі қалай жүзеге асатынын түсіндірді, деп хабарлайды LS.
Қор өкілдерінің айтуынша, қазіргі есептеу әдісінің бірнеше кемшілігі бар. Мысалы, ол экономикалық болжамдарға тәуелді болғандықтан, жеткіліктілік шегі жыл сайын өзгеріп отырады. Сонымен қатар, азаматтардың болашақта жарнаны тұрақты төлейтініне кепілдік жоқ. Сондықтан кейін алатын зейнетақы көлемі аз болуы мүмкін.
БЖЗҚ мәліметінше, қазіргі есептеу жүйесі азаматтар зейнетке шыққанға дейін жарнаны тұрақты төлей береді деген қағидаға негізделген. Сол кезде болашақтағы зейнетақы шамамен 50 мың теңге болып, ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетеді деп есептеледі.
Алайда іс жүзінде зейнетақы жарналары тұрақты түспеуі немесе мүлде аударылмауы мүмкін. Мұндай жағдайда қазіргі жеткіліктілік шегі болашақта жеткілікті зейнетақы алуға кепілдік бермейді. Соның салдарынан зейнетақы көлемі күнкөріс минимумынан да төмен болып қалуы мүмкін.
Тіпті зейнетақы жарналары тұрақты аударылған жағдайда да, шамамен 50 мың теңге көлеміндегі төлем медианалық жалақының 15%-нан төмен болып қалады.
Жаңа әдістеме бойынша, азамат жинағының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін де, болашақтағы зейнетақысы медианалық жалақының кемінде 40 пайызы болуы керек. Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында медианалық жалақы 339 912 теңге болған.
БЖЗҚ мәліметінше, жаңа тәсіл болашақтағы жарналар мен экономикалық болжамдарға тәуелді болмайды. Ең төменгі жеткіліктілік шегі халық саны мен жас ерекшелігі сияқты ұзақмерзімді деректер негізінде есептеледі. Бұл мәліметтерді БҰҰ ұлттық статистикаға сүйеніп үнемі жаңартып отырады.
Сонымен бірге ең төменгі жеткіліктілік шегі салымшының жасына қарай белгіленеді. Яғни зейнет жасына жақындаған сайын, қажетті жинақ көлемі де арта түседі.
"Жаңа формула бойынша адамның зейнетақы шотында қазір қанша қаражат болуы керегі есептеледі. Бұл болашақта жеткілікті зейнетақы алу үшін қажет. Сонымен қатар инфляция мен инвестициялық табыс та ескеріліп, төлем көлемі уақыт өте өсіп отырады", – деп түсіндірді қор өкілдері.
БЖЗҚ-ның пікірінше, жаңа әдістеме Қазақстанның зейнетақы жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатып, зейнетке шыққанда жинақтың жеткіліксіз болу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жинақтарының бір бөлігін үй алуға және емделуге пайдалану мүмкіндігі берілді. Осы уақыт ішінде халық 5 трлн теңгеден астам қаржыны шешіп алған. Ең көп қаржы 2021 жылы алынған – 2,6 трлн теңге.










