Премьер-министр Әлихан Смайылов қазіргі жағдайда қазақстандықтардың мүдделері мемлекет үшін басым болып табылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, қоғамда Ресейден мигранттардың келуіне байланысты кейбір түсінбеушіліктер туындады.
"Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет. Біз үшін бірінші кезекте қазақстандықтардың мүдделері және оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Мұны барлық кәсіпорындар мен ұйымдар ескеруі керек. Көрші елдерден келген мигранттар бізде белгіленген заңнама аясында ғана жұмыс істей алады", - деп атап өтті ол.
Үкімет басшысы жалға алу бағасының өсуіне байланысты жергілікті тұрғындар қиын жағдайға тап болғанын айтты. Смайылов жауапты органдарға тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
"Шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетілетінін атап өткім келеді. Біз өзіміздің халықаралық міндеттемелерімізді орындай отырып, еліміз бен халқымыздың мүдделерінен жоғары құндылық жоқ екенін әрқашан есімізде сақтаймыз. Қаралған маңызды мәселелердің бірі- құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік", - деп түйіндеді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына сапары барысында шетелден келушілерге көмек көрсетілетінін, бірақ олар ешқандай жеңілдіктер алмайтынын айтты.
"Барлық жұмыс заңға және біздің міндеттемелерімізге сәйкес жүзеге асырылады. Үкімет өз жұмысын орындауы тиіс", - деп түсіндірді Тоқаев.
Бұған дейін, Қазақстанға табыс табуға 30 мыңнан астам ресейлік келгені белгілі болды.
Сондай-ақ, соңғы күндері Қазақстан арқылы 40 мың ресейліктің транзитпен өткені хабарланды.