2025 жылдың басынан бері 4 мыңнан аса қазақстандыққа шетелге тұрақты қоныс аударуға рұқсат берілген. Бұл деректі ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның сөзінше, биылғы тоғыз айда 4 147 азамат қажетті құжаттарды рәсімдеген.
"213 адамның өтініші қанағаттандырылмаған, 31 азамат өз еркімен көшуден бас тартқан, ал тағы үшеуі Қазақстанға қайта оралған", – деді И. Лепеха.
Елдерге бөлсек: 2 872 қазақстандық Ресейге, 475-і – Германияға, 278-і – Қырғызстанға қоныс аударған. Жасына қарай: 30-45 жас аралығында- 1 400, 45 жастан жоғары – 1 130, ал кәмелетке толмағандар – 825 адамды құрады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2020 жылы шетелге көшуге 29 898 қазақстандыққа рұқсат берілген.
"Үдеріс оң бағытта, көшу қарқыны біртіндеп төмендеп келеді", – деді И. Лепеха сенаттағы талқылауда.
Оның мәліметінше, 2025 жылдың тоғыз айында Қазақстанға Армениядан 13,4 мың адам келсе, 11 мың адам елден кеткен. Осы аралықта 2 373 жұмыс істеуге рұқсат беріліп, небәрі бір ғана бизнес-виза рәсімделген. Қазіргі таңда Қазақстанда 1 715-тен астам Армения азаматы тұрып жатыр, олардың 96-сында тұрақты тұру құжаты бар.
"Армения азаматтарына Қазақстанда еңбек ету үшін виза қажет емес. Олар жеке немесе заңды тұлғамен келісімшарт жасап, тіркеуден өтіп, ресми түрде жұмысқа орналасады", – деп түсіндірді И. Лепеха.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, Қазақстанға келіп еңбек етіп жүргендердің қатарында құрылысшылар, жүргізушілер, сервис саласының мамандары мен IT-қызметкерлер бар.
"Ал бизнес-визамен келгендер негізінен сауда саласында еңбек етеді", – деп атап өтті ол.
Айта кетсек, сенаторлар Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон, азаматтардың сапарлары мен елде болу тәртібіне қатысты келісімді мақұлдады.