Өнеркәсіп комитеті депутаттың зейнетақы жинақтарын автолизингке пайдалануға қатысты ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды LS.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда зейнетақы жинақтарын автолизинг шарттары бойынша берешекті өтеуге пайдалану мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға арналған бұл бағыттағы субсидиялау тетіктері қарастырылмаған.
Комитет өкілдерінің айтуынша, жеке тұлғаларға арналған автокөлік лизингі тетігі іске қосылған. Қазір лизингтік компаниялар өздерінің экономикалық мүдделері мен клиенттердің сұранысын ескере отырып, шарттар мен ұсыныстарды әзірлеуде.
Еске салсақ, алғашқы автолизингтік мәміле 2025 жылғы 1 желтоқсанда жүзеге асты. Бренд иесінің қолдауымен іске асқан арнайы серіктестік бағдарлама аясында бастапқы жарна 10%, мерзімі – үш жыл, сыйақы мөлшерлемесі 15% болды. Бағдарлама дистрибьютор мен банк арасындағы әріптестік негізінде іске асырылды.
Бұған дейін, мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автолизинг бойынша берешекті өтеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануды ұсынған еді.
Сондай-ақ, нарықтың кәсіби қатысушылары LS-ке бұл тетікті енгізудің ықтимал тәуекелдері туралы айтты.
*ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіп комитеті










