Қазақстанда жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар пайда бола ма. Бұл мәселеге қатысты өнеркәсіп және құрылыс министрлігі LS редакциясына пікір білдірді.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды енгізу жоспарланбаған.
Сонымен қатар, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары жалғасады.
Қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шараларының бірі – "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы. Оның аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін несие мөлшерлемесі жылына 7%-ды, ал өзге қатысушылар үшін 9%-ды құрайды. Бастапқы жарна әрлеуі бар жаңа баспана сатып алғанда 10%-дан, ал әрлеусіз немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 20%-дан басталады. Ипотека 19 жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Қарыздың ең жоғары көлемі Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 30 млн теңгеге дейін жетеді.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың белгілі бір санаттарына 2-10-20 және 5-10-20 бағдарламалары ұсынылады. Мұндағы сандар сәйкесінше жылдық мөлшерлемені, бастапқы жарнаны және несие мерзімін білдіреді.
Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы бағдарламалар ең алдымен тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды, соның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдерін баспанамен қамтуға бағытталған.
Олардың қатарында мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен салынатын кредиттік тұрғын үйлерді іске асыру, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бар. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй сатып алып, тұрғын үй сертификаттарын береді. Сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттары үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі де қарастырылған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл тетіктер баспананың қолжетімділігін арттырып, бастапқы нарықтағы тұрғын үйге деген сұранысты қолдауға ықпал етеді.
Сарапшылар бұған дейін жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік азайып, зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптары күшейсе, тұрғын үйге сұраныс төмендеуі мүмкін екенін айтқан. Соның нәтижесінде баспана бағасы да арзандауы мүмкін.










