Қазақстандағы мобильдік төлемдер мен аударымдар бақылауға алынбақ

Құжат gрезидентке қол қоюға ұсынылды

25 ноября 2021 года

Сенаторлар мобильді төлемдер мен аударымдарды реттейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды LS.

"Пандемия кезінде шағын және орта бизнес субъектілері тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды кеңінен қолдана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу үшін "Мобильдік төлемдер" ұғымын айқындау, мобильдік төлемдер арқылы есеп айырысу кезінде онлайн-бақылау – кассалық машиналарды пайдалануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізу үшін жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу ұсынылады", - деп түсіндірді сенатор Ғұмар Дүйсембаев салық кодексіне енгізілген жаңа түзетулерді таныстыру барысында.

Кейін қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев журналистердің мобильдік төлемдер мен аударымдарды бақылау туралы сұрақтарына жауап берді.

"Барлығы сатушылардың мәдениетіне байланысты. Егер ол болмаса, онда тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы біз банктермен жұмыс істейтін боламыз. Мысалы, егер бір тұлғаның карточкасына күніне әртүрлі адамдардан бірнеше төлем аударылса, онда біз мұндай сатушыларды анықтаймыз", - деді ол.

Сондай-ақ, ол құқық бұзушылар үшін жаза туралы сұрақтарға жауап берді. "Бізде есепке уақтылы қойылмағаны үшін әкімшілік айыппұлдар бар, кәсіпкердің айналымды көрсетпегені, яғни чекті бұзбағаны үшін жауапкершілік бар. Барлық жерде бірінші рет ескерту жасалады, содан кейін айыппұл басталады", - деп түйіндеді Сұлтанғазиев.

Бұдан басқа, құжатта ең төменгі жалақыны (42 500 теңге) есептік көрсеткіш ретінде оны АЕК-ке (2 917 теңге) ауыстыру жолымен пайдалануды алып тастау да көзделген. Бұл ЖТС бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты болмақ.

"Жеңілдетілген тәртіппен тауар экспорты кезінде 80%-ға дейінгі мөлшерде ҚҚС қайтаруды жүргізу ұсынылады, ол валюталық түсімнің кемінде 50% -ын теңгеге айырбастады. Мұндай кәсіпорындардың тізімін Үкімет бекітеді", - деді депутат.

Бұл ретте 2022 жылдан бастап Салық кодексінде шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС-ты тіркеуі мен төлеуінің оңайлатылған тәртібі көзделген. Осыған байланысты merchant id ұғымын енгізу және банктердің мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғалар шетелдік интернет-компаниялардың пайдасына жасаған төлемдер мен аударымдардың сомалары туралы ақпарат беру міндетін қарастыру ұсынылады, деп жалғастырды Дүйсембаев.

"Интернет арқылы сатылған тауарларға ҚҚС салу бойынша бұл жаңашылдық дамыған елдерде – Австралияда, Ұлыбританияда және Францияда осындай салықтың тәжірибесі бойынша қабылданды. Жалпы, цифрлық салықты енгізу қазақстандық және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайларды теңестіруге көмектеседі", - деп есептейді ол.

Сондай-ақ, отандық өндірушілер үшін акциз төлемін енгізу жоспарлануда. Бұл шара арақ, темекі өнімдері мен сыра өндірушілерді теңестіріп, жергілікті алкоголь өнімдеріне қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.

Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін қайта қарау ұсынылады.

"Автомобильдер бойынша көлік құралдарына салық есептеуге қатысты. Пандемия жағдайында шағын көлемді фургондарды жүк көтерімділігіне байланысты салық салу тәртібімен жүк автомобильдеріне жатқызу ұсынылады. Бұл ретте Қазақстан аумағы бойынша халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар мен жүктерді тасымалдайтын шетелдік көліктердің жол жүруі үшін алым мөлшерлемесін 20 (58,3 мың теңге) АЕК-тен 30 (87,5 мың теңге) АЕК-ке дейін арттыру жоспарлануда", - деп нақтылады депутат.

Тауарлар айналымын қадағалау шеңберінде ЕАЭО-ның мемлекеттік бақылау туралы келісімін іске асыру жоспарда бар. Бұл бақылауға жататын тауарларды және олардың айналымына байланысты операцияларды есепке алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

"Салық заңнамасы тұрақтылығының кепілдіктері кез келген жобаларға, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға 10 жыл ішінде инвестициялар салынған жағдайда экспортқа бағдарланған тауар өндірушілерге ғана беріледі. Бұл үшін инвестор мен Қазақстан үкіметі арасында инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер жасалатын болады. Алайда бұл жаңашылдықтар көмірсутекті пайдалы қазбалар мен мұнай өнімдерін экспорттаушыларға қатысты емес", - деді Дүйсембаев.

Өз кезегінде сенатор Сергей Карплюк заң жобасында QR-кодтағы кәсіпкерлік субъектісінің ақпараттық картасы болып табылатын салық төлеушінің паспортын енгізу көзделгенін айтты. Бұл жаңалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жұртшылық тарапынан бақылауды күшейту үшін енгізіледі.

"Сондай-ақ, салықтарды төлеу бойынша бір жылдан астам мерзімге тек жылжымайтын мүлік кепілімен немесе банк кепілдігімен бөліп төлеуді ұсыну жоспарлануда. Жеке тұлғаның немесе ЖК-дің жалғыз тұрғын үйін кепіл ретінде қабылдауға шектеу енгізу. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар үшін (2020 жылдан 2023 жылға дейін) КТС мен ЖТС төлеуден босату бойынша жеңілдікті қолдану ұсынылады. Ал 2022 жылы несиелік серіктестіктерге провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқық беру және тарату салық тексеруінсіз ҚҚС төлеушілердің қызметін тоқтатуды жеңілдету", - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, сенат "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы "ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда қабылдады. Осыдан кейін заң жобасы ел Президентіне қол қоюға жіберіледі.

Бұған дейін, қаржы министрлігі жеке және заңды тұлғалар үшін мобильдік төлемдердің аражігін қалай ажырататынын түсіндірген еді. Осы күні жедел төлемдер жүйесі арқылы 4 млрд теңгеден астам қаражат аударылғаны белгілі.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.