Қазақстанда 80 мың адамның меншігінде төрт-бес пәтерден бар. Бұл деректі "Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова Taldau Talks подкастында айтты, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның тұрғын үй қорында 6,2 млн пәтер мен 2,3 млн жеке тұрғын үй бар.
"Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының деректеріне сәйкес, тұрғын үй иелерінің 78%-ының меншігінде бір ғана баспана бар. Жалпы, 5,5 млн қазақстандықтың жеке тұрғын үйі бар",- деді ол.
"Отбасы банк" басшысының мәліметінше, бүгінде шамамен 1 млн қазақстандықтың екі баспанасы бар. Ал 219 мың адамның меншігінде үш тұрғын үйден бар. Сонымен қатар 80 мың азамат төрт-бес пәтерден, тағы 17 мың қазақстандық алтыдан онға дейін тұрғын үйден иеленеді.
Сонымен қатар, бүгінде 1,5 млн-нан астам қазақстандық жеңілдетілген тұрғын үй алу кезегінде тұр.
Л. Ибрагимованың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 170 мың жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Ал жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша абсолютті рекорд қазір Астана қаласына тиесілі.
Алайда еліміздің тұрғын үй нарығында аймақтар арасындағы айырмашылық айқын бар. Оның айтуынша, соңғы екі жылда Астанада тұрғын үй нарығы айтарлықтай өскен. Қазір елордада тұрғын үйдің орташа шаршы метрі шамамен 700 мың теңге болса, Оралда бұл көрсеткіш 360 мың теңгенің айналасында.
Ал тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша Астана, Алматы және Шымкент көш бастап тұр.
Бұған дейін, сарапшылар баспана бағасының өсуіне ықпал ететін бірқатар факторды атаған болатын.









