Қазақстанда бағаның өсуі мен азық-түлік тапшылығымен күресу жолдары ұсынылды

18 марта 2022 года
    

Қазақстанда азық-түлік бағасымен жағдайды тұрақтандыру үшін жаңа жолдар ұсынылуда, деп хабарлайды LS.

Сауда және интеграция вице-министрі Ерлан Баттақовтың айтуынша, бағаны тұрақтандыру құралдарын жетілдіру үшін ведомство жаңа тәсілдерді пысықтауда.

"Азық-түлік сатып алуды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайта отырып, үш бағыт бойынша тауарлар бөлінісінде жүргізу ұсынылады. Бірінші: ұзақ мерзімді сақтау тауарларын (күріш, қант, тұз және қарақұмық жармасы) біз тұрақтандыру қорларына тікелей және форвардтық сатып алу арқылы сатып алуды ұсынамыз. Екінші: айналым схемасы аясында көкөніс, ет, сүт өнімдері мен күнбағыс майы сатып алынады", - деді ол.

Үшінші, вице-министрдің айтуынша, ұн, нан және рожек өндірісін арзандату үшін бидайды "Азық-түлік корпорациясы" арқылы сатып алу ұсынылады.

"Сондай-ақ, аталған институт жемдік мақсаттарға және күнбағыс тұқымына астық сатып алу үшін тарту ұсынылады. Жоғарыда аталған тәсілдер халықты өніммен жеткілікті көлемде және қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп есептейді ол.

Жалпы, бүгінгі таңда елімізде азық-түлік тауарларының 1,3 млн тонна қоры бар, бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті, деп толықтырды Баттақов.

"Бұл ретте бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар сауда субъектілерінің сауда үстемесін сақтауына тұрақты тексерулер жүргізеді. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша айналым схемасы шеңберінде сатып алуды 54,6 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ал тұрақтандыру қорларын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады", - деп түйіндеді ол.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгінгі таңда азық-түлік корпорациясына аграршылардан 76 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскенін, оның 52,5 млрд теңгесі қаржыландырылғанын айтты.

"Бұдан басқа, 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда мал мен құстың сақталуын қамтамасыз ететін 200 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда", - деп хабарлады ол.

Бұл ретте азық-түліктің тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауының алдын алу үшін өңірлердің мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесін пысықтау басталды, деп атап өтті Қарашөкеев.

"Мұнда тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражаттың бір бөлігін күзгі сатып алудан көктемгі форвардтық келісімшарттарды авансалауға қайта бағыттау жоспарлануда. Осы мақсатта облыс әкімдіктеріне отандық тауар өндірушілермен және өңдеуші кәсіпорындармен форвардтық келісімшарттар жасасу жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорларын қалыптастырудың қолданыстағы ережелеріне қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жедел енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде", - деп түсіндірді ол.

Министр сондай-ақ, субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалғанын хабарлады.

"Алайда, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты соңғы оқиғаларға байланысты және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Тиісінше, ағымдағы жылы АӨК мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылатын болады", – деп түйіндеді ол.

Мәселен, Алматыда I сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанның (әлеуметтік) бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы Меморандумға қол қойылды. "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" құжаты аясында I сұрыпты ұн өндіру үшін Алматы қаласындағы ұн тарту ұйымдарына тоннасына 90 мың теңгеден бидай астығын жеткізуді қамтамасыз етеді.

Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, азық-түлік корпорациясының қорларынан 2022 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге шамамен 29,8 мың тоннадан астам астық жеткізу жоспарланып отыр. Келісім одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 2022 жылғы тамызға дейін (қоса алғанда) қолданылады. Әкімдікте мегаполистің астыққа айлық қажеттілігі 4 261,1 тоннаны құрайтынын айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда картоп бағасы өндірушіден дүкенге дейін 135 теңгеден 219 теңгеге дейін, ал сиыр етіне 1700 теңгеден 2450 теңгеге дейін көтеріледі.

Естеріңізге сала кетейік, президент азық-түлік бағасының рекордтық өсуіне жол бермеуді тапсырды.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.