Қазақстанда автосақтандыру бағасы қымбаттайды

сегодня

Қазақстанда автосақтандыру құны алдағы апталарда өседі. Бұл туралы Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды LS.

Алматыда журналистермен кездесуде ол бұл қаулы маусым айында күшіне енетінін айтты.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, апатсыз көлік жүргізген әр жыл үшін берілетін 5%-дық жеңілдік енді 3%-ға қысқарады.

Азамат Керімбаевтың сөзінше, қазір ұзақ уақыт апат жасамаған жүргізушілер сақтандыруды 50% жеңілдікпен рәсімдей алады. Мұндай жүргізушілер өте көп – көлік иелерінің шамамен жартысы. Бірақ кейінгі кезде осы санаттағы адамдардың қатысуымен жол апаттары көбейіп, сақтандыру компанияларының шығыны артқан. Сол себепті тарифтер қымбаттайды. Енді 13-класс жүргізушілеріне берілетін жеңілдік 50%-дан 30%-ға дейін қысқарады.

"Осылайша, мен үшін сақтандыру шамамен 40%-ға қымбаттайды", – деді А.Керімбаев.

Ол жаңа өзгерістер енгізілгеннен кейін сақтандыру компанияларының табысы қазіргі 98,8 млрд теңгеден 148,4 млрд теңгеге дейін өсетінін де айтты.

Тағы бір жаңалық- енді сақтандыру компаниялары полис бағасын жүргізушінің тәуекел деңгейіне қарай өздері өзгерте алады. Яғни, бонус-малус класы мен өңірлік тарифке қосымша ±10% коэффициент қосуға рұқсат беріледі. Бұған дейін, мұндай өзгеріс тек өңірге байланысты жылына бір рет қана қолданылатын. Енді сақтандыру құны кей жағдайда 18%-ға арзандап, немесе 20%-ға дейін қымбаттауы мүмкін.

Мысалы, қазір автосақтандыру шартты түрде 20 мың теңге тұрса, жаңа өзгерістерден кейін оның базалық бағасы 25 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бірақ сақтандыру компаниялары полистің нақты құнын 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін өздері белгілей алады, дейді Азамат Керімбаев.

Азамат Керімбаевтың айтуынша, бұл өзгерістер сақтандыру компанияларының шығынын азайтып, нарықтағы бәсекені күшейтуі тиіс.

Қазақстанда шамамен 1,3 млн көлік міндетті автосақтандырусыз жүр. Ел бойынша 5,9 млн көлік тіркелсе, оның тек 4,6 млн-ны ғана сақтандырылған. ІІМ дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың сәуірінде сақтандырусыз көлік басқарудың 5 мың дерегі тіркелген.

Мұндай көліктер ең көп Алматы облысында тіркелген – 191,1 мың. Осы статистикаға сүйенген Азамат Керімбаев Алматы қаласының өзінде шамамен 80 мың көлік сақтандырусыз жүр деп болжады.

Компания басшысының айтуынша, кей жүргізушілердің сақтандырусыз жүруіне алаяқтардың жалған сақтандыру полистерін сатуы да себеп болып отыр.

"Сақтандыру компанияларының жалған сайттары көбейген. Сондықтан полис рәсімдер алдында компанияның лицензиясын арнайы реестр арқылы тексеріп, сайттың расымен сол сақтандыру ұйымына тиесілі екеніне көз жеткізу маңызды. Себебі лицензиясыз сақтандыру қызметін көрсетуге тыйым салынған. Ал мұндай заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда, уәкілетті органға шағымдану қажет", – деді А.Керімбаев.

Айта кетейік, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми тіркелмей жұмыс істейтін сақтандыру делдалдарының қызметін реттеуді жоспарлап отыр.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.