Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп саласындағы экологиялық заңбұзушылықтар үшін ондаған кәсіпорын жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде LS-ке экология және табиғи ресурстар министрлігінде хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 2024-2025 жылдары 84 кәсіпорынға қатысты 179 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 461,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Көп жағдайда кәсіпорындар экологиялық рұқсат шарттарын орындамаған. Бұдан бөлек, қалдықтар бойынша белгіленген эмиссия көлемінен асып кеткен және қажетті есептілікті ұсынбаған.
Бұл кәсіпорындар күкірт қышқылы, биологиялық препараттар, спирт, минералды тыңайтқыштар, ет, мойынтіректер, болат, мыс, алтын және басқа да өнім түрлерін өндіреді.
2024 жылдың басынан бері алты кәсіпорынға қатысты жеті әкімшілік іс сотта қаралды. Соның ішінде бес іс бойынша талаптар қанағаттандырылып, 300 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Аталған кәсіпорындар минералды тыңайтқыштар, барит концентраты және асфальтбетон өндіреді. Олар экологиялық рұқсат талаптарын бұзып, қалдықтарды басқару тәртібін сақтамаған. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-шаралар жоспарын орындамаған.
Министрлік заңнаманың орындалуын бақылау мақсатында жоспарлы және жоспардан тыс мемлекеттік экологиялық тексерулер жүргізілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, рұқсатсыз немесе нормадан тыс эмиссия жасаған табиғат пайдаланушылар үшін жауапкершілік 10 есе артты. Ал жүйелі және қайталанатын құқықбұзушылықтар жағдайында жаза көлемі 20 есеге дейін ұлғайып, рұқсаттың күшін уақытша тоқтатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатыны атап өтілді.
Қалдықтарды басқаруға қатысты талаптар да қатайтылды.
Бұған дейін, LS редакциясы Солтүстік Қазақстан облысында утильалым қаражаты есебінен жаңа қоқыс полигоны салынатынын хабарлаған болатын.