Қазақстанда қаржы пирамидасын жарнамалау үшін қандай жаза қолданылатыны туралы LS-ке ІІМ-де хабарлады.
Мемлекеттік мекеменің ақпараты бойынша, қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда айыппұл 1,7 млн теңгеден асуы мүмкін.
"Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалайтын тұлғаларға қатысты жеке тұлғаларға 150 АЕК (2021 жылы 437,5 мың теңге), лауазымды тұлғаларға – 170 АЕК (495,9 мың теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК (583,4 мың теңге), орта бизнеске – 300 АЕК (875,1 мың теңге), ірі бизнеске – 600 АЕК (1,75 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарын шығару және/немесе эфирге шығару үш айға дейін тоқтатылады", - деп түсіндірді ІІМ-де.
Сондай-ақ, мемлекеттік мекемеде қазақстандық медиа тұлғалар жарнамалаған MUDARABAN Capital жанжалына қатысты пікір білдірді. ІІМ-де азаматтардан ұжымдық өтініші 2021 жылдың 27 сәуірінде Алматы қаласының полиция департаментіне түскенін нақтылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде әлеуметтік желілер арқылы бір топ адам ай сайын енгізілген салымның 20%-ына дейінгі мөлшерде жоғары пайыздық төлемдер беруге уәде беріп, әлеуетті салымшыларды тартқаны анықталды.
"Азаматтардан түскен ақша қаржы пирамидаларының және онымен үлестес компаниялардың карточкалық шоттарына аударылды, онда олар қолма-қол ақшаға айналып, айналымнан шығарылып отырған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда" - деп түсіндірді ІІМ-де.