Ресейде жанармай тапшылығы артып келеді. Осындай жағдайда Қазақстан көрші елге жанар-жағармай жеткізе ала ма. Бұл туралы LS-ке мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов жауап берді.
Бұған дейін Reuters агенттігі Ресейдің Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензиннің ірі партиясын сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.
Сарапшының сөзінше, мұндай өтініш Ресей тарапынан өткен жылы да түскен.
"Біз де Ресейден жыл сайын 1 млн тоннадан астам мұнай өнімдерін сатып аламыз. Әсіресе авиаотын, битум, бензин мен дизель отыны біз үшін маңызды. Сондықтан бұрын елімізде жанар-жағармай тапшы болып, мұнай өңдеу зауыттарында ақау шыққан кезде Ресейден жеткізілген отын ішкі нарықтағы жағдайды реттеуге көмектескен", – деді "Байдильдинов. Нефть" Telegram-арнасының авторы.
Оның сөзінше, Ресейдің кейбір өңірлерінде уақытша жанармай тапшылығы болған. Оған тұрғындардың жанармайды жаппай сатып алуы мен логистикадағы қиындықтар әсер еткен. Бірақ жалпы ахуал бақылауда.
"Ресей шынымен де Қазақстанға осындай өтініш жасаған болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан мұнай өнімдерін жеткізуге келіседі деп ойламаймын. Өйткені бұл Украина тарапынан да, екінші деңгейлі санкциялар аясында да белгілі бір реакция тудыруы мүмкін", – деді О. Байділдинов.
Сарапшының айтуынша, мұндай жеткізілімдердің нақты қандай шектеулерге ілігуі мүмкін екенін әзірге айту қиын. Оның сөзінше, Ресей жанармайды Қазақстаннан ғана емес, Түркия мен Үндістаннан да сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Қытаймен бұл мәселе талқыланбаған. Себебі жанармай тапшылығы байқалған өңірлер Ресейдің еуропалық бөлігінде орналасқан.
Осыған байланысты сарапшы Қазақстанның Ресейге жанар-жағармай жеткізуге келісуі екіталай деген пікірде.
Оның айтуынша, қазір ең бастысы – ішкі нарықты тұрақты ұстап, жанар-жағармай қорын жеткілікті деңгейде сақтау. Өйткені мұнай өңдеу зауыттарында кез келген уақытта техникалық ақау болуы мүмкін.
"Меніңше, Қазақстан былтырғыдай бұл өтінішті қолдамайды", – деп түйіндеді сарапшы.










