Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешен (ИСЛК) салады. Бұл туралы толығырақ LS тілшісінің материалында.
Екі ел үкіметтері арасындағы келісім жобасына сәйкес, кешен "Қарасу" және "Ақ-тілек" автожол өткізу пункттерінің ауданында орналасатын болады. Жоба инвестициялар тарту есебінен іске асырылмақ. Бұл ретте екі елден де басқарушы компаниялар тағайындалатын болады.
Жалпы ауданы 7,6 шаршы км құрайды, оның ішінде Қазақстанда – 3,6 шаршы км, Қырғызстанда – 4 шаршы км.
Құжатта көрсетілгендей, ИСЛК шекарада орналасқанымен, кешеннің екі бөлігі де шекара белдеуінен тыс болады.
Осыған байланысты нысан ресми ашылғаннан кейін үш жыл ішінде Қазақстан мен Қырғызстан ортасын жалғайтын арнайы өткел (көпір) салынады. Ол болмайынша, бөліктер арасындағы байланыс қолданыстағы ауысу арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, көпірдің өзі мемлекеттік шекара режимінің сақталуын бақылау үшін қоршаумен, күзет және бейнебақылау құралдарымен жабдықталады. Адамдар мен көліктің осы өткел бойынша жүруі кезінде маршрутты өзгертуге, сондай-ақ, жолаушылар мен көлік ағындарын араластыруға жол берілмейді. Көпір қазақстандық тараптың қаражаты есебінен салынады. Аймақта тәулік бойы жұмыс істейтін көпжақты халықаралық өткізу пункттері орнатылады.
Құжатта ИСЛК аумағында өндірістік, ғылыми-техникалық, инвестициялық, коммерциялық, бірлескен және басқа да қызмет түрлерінің тиімді нысандарын дамытуды қолдайтыны нақтыланады. Оның ішінде жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру, ет және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу, логистиканы жақсарту, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді әртараптандыру, бәсекелестік артықшылығы жоғары халық тұтынатын тауарларды шығару және т. б. жоспарлануда.
Сонымен қатар, сауда және интеграция министрлігі LS-ке ИСЛК 2026 жылдың I тоқсанына дейін салынатынын хабарлады. Кешеннің өзі 2026 жылдың II тоқсанында іске қосылады.
Министрлікте бұл жоба жеткізу тізбегіндегі қатысушылардың санын азайтуға, түпкілікті тұтынушы үшін өнімнің құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілетіні айтылды.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның шекара маңындағы хабтарын салу жоспары туралы ақпарат жариялаған болатын.