Қазақстан Ауғанстан аумағында логистикалық хаб салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы LS-ке көлік министрлігінде мәлімдеді.
Аталған жобаға Түрікменстан да қатысуды жоспарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл нысанды оңтүстік мемлекет аумағында салу жобасы алдын ала пысықтау кезеңінде тұр.
Қазақстанның құрылысқа қатысу тетіктері көпжақты келісімдер негізінде, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың ұстанымдарын ескере отырып айқындалатын болады. Бұл ретте жобаның экономикалық тиімділігі мен ауған және түрікмен тараптарымен келісілетін шарттар негізгі фактор ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағыты бойынша Трансауған көлік дәлізін дамыту тұжырымдамасы аясында Ауғанстан аумағында автожол салу мүмкіндігі де қарастырылуда.
"Ауғанстандағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндігі халықаралық әріптестік шеңберінде және өңірдегі саяси-экономикалық ахуалды ескере отырып қарастырылуда", – деді министрлік өкілдері.
Нақты жобалар халықаралық донорлармен және мүдделі елдердің үкіметтерімен жүргізілетін келіссөздерден кейін белгілі болады.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның Ауғанстан аумағында теміржол салуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат таратқан еді.