Биыл Алматыда 45 млрд теңгенің 11 өндірісі іске қосылады. Оның ішінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен. Бұл туралы LS-ке қала әкімдігінде хабарлады.
Редакцияның сауалына жауап ретінде мегаполисте 2,7 млрд теңгеге алюминий және биметалл радиаторлар өндірісінің бірінші кезеңі іске қосылуы мүмкін екендігі хабарланды. Нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, 450 млн теңгеге орта вольтты кешенді тарату құрылғыларының өндірісі ұйымдастырылады.
Қалада 512 млн теңгеге медициналық мақсаттағы диагностикалық тест өндіретін зауыт іске қосылады. Қуаттылығы – 1,8 млн дана. Ақпаратқа сәйкес, әрлеу жұмыстары 95%-ға аяқталған. Қыркүйек айында олар жабдықты орнатуға кіріседі. Зауытта 65 адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.
Индустриялық аймақта үлкен диаметрлі болат дәнекерленген құбырлар шығаратын зауытты іске қосу бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба қытайлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылуда. Құны – 33 млрд теңге. Қуаттылығы – жылына 100 мың тонна. Бастапқыда Қазақстан-Қытай жобасын 2019 жылдың шілде-тамыз айларында ашу жоспарланған болатын, содан кейін мерзімі 2020 жылға ауыстырылды.
Бұдан басқа, 950 млн теңгеге екі өнеркәсіптік парктің және 187 млн теңгеге электр техникалық бұйымдар шығаратын зауыттың ашылуы күтілуде.
Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібінде –1,4 млрд теңгеге, металлургияда – 1,3 млрд теңгеге, химия саласында – 500 млн теңгеге және машина жасауда – 4,1 млрд теңгеге жобалар іске асырылуда. Жалпы, 45,1 млрд теңгеге 11 нысанның ашылуы 934 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Әкімдікте биыл 18,6 млрд теңгенің бес жобасы іске қосылғанын еске салды. Атап айтқанда, 12,7 млрд теңгеге кабельдік-өткізгіш өнімдер өндірісі іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы 24 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, 2,9 млрд теңгеге автоклавты газбетон, бордюрлер, тротуар плиткалары мен қабырға блоктарының өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар, қуаттылығы 120 мың текше метр автоклавты кеуек газобетон шығаратын зауыт іске қосылды, бұл жобаға 2,2 млрд теңге инвестиция құйылды. Тағы да, 830 млн теңгеге екі өнеркәсіптік парк ашылды.