Алматы облысында 5 трлн теңгеден астам қаражатқа жаңа жобалар мен жұмыс орындары ашылмақ

Кейбір жобалар іске асырыла бастады

29 марта 2021 года

Алматы облысында 5,4 трлн теңгенің 500-ден астам жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды LS премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, жалпы өңірлік өнім 2025 жылға қарай 5 трлн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфеліне 5,4 трлн теңгеге 546 жоба кірген. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 2021-2025 жылдары 690 млрд теңгеге 37 өндіріс пайда болады. Оларды ашу есебінен 4,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Жобаларды іске асыруға трансұлттық компаниялар қатысады.

Бұл ретте 1,9 трлн теңгеге 313 жоба іске асырудың әртүрлі сатыларында тұр. Жұмыспен 16,5 мың адам қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, АҚШ инвесторы ірі қара мал етін өңдеуге көмектеседі. Сонымен қатар, облыста 94,5 млрд теңгеге кен өңдеу зауыты ашылып, жел электр станциялары салынады.

Сондай-ақ, өңірде 273,5 млрд теңгенің топ-10 жобасы белгіленді. Жеті кәсіпорынның құрылысы басталып кеткен. Мәселен, Қапшағай қаласында 44,8 млрд теңгеге жылыжай кешені, Ұйғыр ауданында 42,6 млрд теңгеге құс шаруашылығы кешені салынуда. Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша зауыт, ұсақ малды азықтандыру, сою және терең өңдеу бойынша ет комбинатын, бройлер бағытындағы құс фабрикасын салу бойынша 6,2 млрд теңгеге жобалар іске асырыла бастады.

Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт көлемі жыл сайын 8%-ға, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 6%-ға ұлғаяды. Ақпаратқа сәйкес, ауыл шаруашылығындағы басым дақылдардың егіс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

"13 ауданда 30 мал бордақылау алаңы мен 22 сүт-тауар фермасын құру жоспарланған. Мұның барлығы 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттырып, 6 млн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, биылғы жылы мал шаруашылығы саласында 26 млрд теңгеге 32 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 16 бордақылау алаңы (45,3 мың бас ІҚМ, 2,5 мың бас ҰММ) және 11 сүт-тауар фермасы (3,3 мың бас) іске қосылады деп күтілуде. Болжамға сәйкес, Ұйғыр ауданындағы қайта жаңғыртылған құс фабрикасы қуаттылық бойынша 60%-ға шығуы мүмкін – 17 мың тонна ет өндіріледі (2020 жылы – 5,9 мың тонна).

Бұдан басқа, Алматы облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 3,5 трлн теңге, оның ішінде 2,3 трлн теңге бюджет қаражаты және 1,2 трлн теңге жеке қаражат жұмсау көзделген.

2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 680,7 млрд теңгені құрады. Өңірде өткен жылы 131,4 млрд теңгенің 42 жобасы іске қосылды. Бұл нысандарға 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

Бұған дейін LS Алматы облысында 2023 жылға дейін 102,3 млрд теңгеге алты жоба жүзеге асырылатынын хабарлаған болатын. Биылғы жылы 19,4 млрд теңгеге жел электр станциясын ашу көзделген. Сарқан ауданында жаңартылатын энергия көзі салынуда. Қуаты 50 МВт болатын жобаны іске асыруға Қытайлық компания қаржы салмақ. Сондай-ақ, аймақта 65 млн еуроға тас мақта өндіретін зауыттың құрылысы басталды.

Айта кетейік, өңірде миллиондаған теңгеге жылқы етін өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Ақпаратқа сәйкес, жобаны Панфилов ауданында жүзеге асыру көзделген. Өңірде сондай ақ зауыт салу жоспарлануда. Ол үшін 1,5 мың га жер бөлінді. Сонымен қатар, осы ауданда 300 млн теңгеге мал сою цехын құрып, 1 мың бас ІҚМ бордақылау алаңы салынады. 2021 жылы тағы бір бордақылау алаңын, 110 млн теңгеге құрама жем өндіру цехын салу жоспарда бар. Ал ірі қара мал мен ұсақ мал өсіру 107 млн теңгеге бағаланады. Сонымен қатар, 2022 жылы неміс инвестицияларымен тағы бір ет өңдеу зауыты ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асыру $40 млн бағаланып, қазіргі уақытта құжаттама әзірленуде.

Бұдан басқа, Алматы облысында 1,5 млрд теңгенің туристік жобасын жүзеге асыру мерзімі ауыстырылды. Бастапқыда 1,5 млрд теңгеге ойын-сауық паркін салу 2019-2021 жылдары жоспарланған болатын, содан кейін мерзім 2020-2022 жылдарға ауыстырылды. Сондай-ақ, туристік саладағы тағы бір 400 млрд теңгенің жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол 2022-2025 жылдары қолға алынбақ. Ақпаратқа сәйкес, Түрген локациясының инфрақұрылымын салу бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу басталды. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру бойынша инвестор іздеу жүргізілуде.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.