Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 90-жылдары Қазақстанда туу көрсеткішінің төмен болуы салдарынан елдің еңбек нарығына келетін жаңа қызметкерлердің саны біраз төмендейтінін айтады. Бұл туралы LS хабарлайды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, жас мамандар ағыны қайта қалыпқа келіп, жағдайдың оңалатын сәті енді 2023 жылы бір-ақ келеді.
"Еңбек ресурстарының жетіспеушілігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтардың санын азайтып, экономикалық белсенділікті арттыру есебінен шешіледі. Жалпы саны 439,3 мың жұмыссыз бен елдегі жұмыс істейтін азаматтардың төрттен бірін құрап, саны 2,2 млн адамға жететін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – еңбек нарығы үшін үлкен резерв", - дейді LS-ке жауап берген министрлік.
Сондай-ақ, еңбек министрлігінің болжауынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы еңбек нарығындағы келеңсіздікті, оның ішінде келешекте маман жетіспеушілік мәселесін де шешеді.
Бүгінде бұл бағдарламаға 310,6 мың адам қызығушылық білдіріп, оның 280,7 мыңы (90,4 пайызы) қатысушылар қатарына қосылды.
Ал жұмыспен қамту орталықтары жыл басынан бері 148,9 мың адамға жұмыс тауып берді.
Одан бөлек, ҰБТ тапсырмаған талапкерлер қыркүйектің 1-інен бастап тегін техникалық және кәсіптік білім мен қысқа мерзімді кәсіби оқытумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ министрлік мамандарды жұмысшылар саны шамадан асып кеткен қалалардан қызметкерлер жетіспей жатқан аймақтарға көшіруді жоспарлап отыр.
Ведомство "істеп жатқан шаралар арқасында келешекте мамандар жетіспеушілігі мәселесі ел экономикасына айтарлықтай әсер ете қоймауы керек" дейді.
Министрліктің айтуынша, 2017 жылғы шілденің 1-інде зейнеткерлер саны 2,1 млн адамға жеткен. Бұл халықтың 11,6 пайызына тең. Сонымен қатар, демографиялық жүктеменің коэффиценті (жұмыс істейтіндердің зейнеткерлерге қатынасы) 4,1 шамасында.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, зейнеткерлер санының өсу үрдісі олардың саны 1,6 млн адам (9,8 пайыз) болған 2009 жылдан бері жалғасып келеді.
"Зейнет жасындағы азаматтар үлесінің артуы мынадай екі фактордың әсерінен болды: біріншіден, "бэби бум" буынының (соғыстан кейін туған балалар) зейнет жасына жетуі және 90-жылдары аз туған балалардың еңбекке қабілетті жасқа жетіп, нарыққа енуі", - дейді министрлік.
Одан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 2015 жылы елдегі өмір сүру ұзақтығы 72 жылға жеткен.
"Демографиялық жүктеме коэффициенті деңгейін қолайлы шамада ұстап тұру үшін әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтеру туралы шешім қабылданған еді. Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру 2030 жылға дейін демографиялық жүктемені 3,5 шамасынан төмендетпей ұстап тұра алады", - дейді ведомство.
Сондай-ақ министрлік жасқа байланысты топтардың арақатынасы өзгерсе де, елде 1998 жылдан бері жұмыс істейтін жинақтаушы зейнетақы қоры демографиялық факторларға тәуелді болмағандықтан, мұндай мәселелер оның қаржылық тұрақтылығына әсер етпейтінін айтты.