Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады, деп хабарлайды LS. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сенат БЖЗҚ салымшыларына зейнетақы жинақтарының толық көлемін басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге мүмкіндік беретін депутаттық түзетулерді мақұлдады.
Бүгінде зейнетақы активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Қаражат негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар мен жобаларға салынады. Бұл сенімді болғанымен, табыстылығы жоғары инвестициялармен салыстырғанда кірісі төмен болуы мүмкін.
Жаңа жүйе қабылданса, әр азамат өз зейнетақы жинағын қалай басқаруды өзі шешеді. Яғни қаражатын тәуекелі әртүрлі инвестициялық бағыттарға салуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, жеке басқарушы компаниялар салымшылардың қаражатының бастапқы құнын сақтауға жауапты болады. Ал олардың жұмысына Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылау жүргізеді.
Айта кетейік, бұл өзгерістер әзірге мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.










.png)