Қазақстанда салық жүктемесін азайту мақсатында компания қызметкерлерін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауыстыру жағдайлары тексеріліп жатыр, деп хабарлайды LS.
Редакцияның сауалына жауап берген Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мәліметінше, салықтық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданушылардың белгіленген талаптарды сақтауы қадағаланады.
"Қазір МКК еңбек министрлігімен бірге компаниялардың салықты азайту үшін қызметкерлерін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде рәсімдеу жағдайларын талдап жатыр", – делінген жауапта.
Комитеттің айтуынша, мұндай тәсіл қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына және әлеуметтік кепілдіктерден айырылуына себеп болуы мүмкін.
Ведомство өкілдері әзірге талдау аяқталмағанын, сондықтан тексеру нәтижелері бойынша нақты деректерді жариялау ерте екенін атап өтті.
Бұған дейін, салық консультанты Дмитрий Казанцев комитет бұрынғы қызметкердің жұмыстан шыққанымен, бұрынғыдай таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істеп, ай сайын бірдей табыс алып жүргенін анықтай алатынын айтқан болатын. Тек айырмашылығы- ол енді штаттағы қызметкер емес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелген.
Бизнестің бұл мәселеге қатысты алаңдаушылығын ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин де растады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимінің қалай қолданылып жатқанын тұрақты түрде бақылап отыр.










