Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз әсерін төмендету үшін Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуге дайын, деп хабарлайды LS.
Бас банк 2022 жылдың 26 ақпанында Ақ үй Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ басшыларының Ресейге қатысты одан әрі шектеулi экономикалық шаралар туралы бірлескен мәлімдемесін жариялағанын еске салды. Атап айтқанда, шаралар жекелеген ресейлік банктерді SWIFT хабар алмасу жүйесінен алып тастауды және Ресейдің Орталық банкіне қатысты басқа да шектеу шараларын енгізуді көздейді.
Сонымен қоса, S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі халықаралық санкциялар енгізілгеннен кейін Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін инвестициялық емес рейтинг деңгейіне (BB+) дейін төмендетті.
"Ұлттық банк нақты уақыт режимінде елдер Үкіметтерінің, орталық банктер мен қаржы ұйымдарының ресми мәлімдемелерін қадағалап отырады және жаңа Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалайды", - деді ведомство.
- Алдағы күндері Ресей рублінің бағамы айтарлықтай құбылмалылықпен сипатталады және көп жағдайда нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, аз дәрежеде іргелі факторларды көрсететін болады.
- Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық банк қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Мұндай интервенциялардың көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты болады. Бұл ретте теңгенің икемді бағамы сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді іске асыру аясында маңыздылығы артқан алтын-валюта активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алтын-валюта активтерінің ағымдағы деңгейі импорттың 8,8 айын қантамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық банк жүргізілген операциялардың көлемін жариялайды. Сыртқы нарықтардағы ахуалдың дамуына қарай Ұлттық банк ашық коммуникацияларды жүргізуді жалғастырады.