Freedom Holding компаниясының басшысы Тимур Турлов келесі жылы доллардың бағамы $1 үшін 600 теңгеден жоғары болмайды деп есептейді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, ұлттық валютаның күрт күшеюіне басты себептердің бірі – Қаржы министрлігінің сыртқы нарықтардан қарыз алуы. Себебі ішкі нарықтағы мөлшерлемелер тым жоғарылап кеткен.
"Қаржы министрлігі қазір сыртқы нарықтардан доллармен қарыз ала бастады, себебі шетелдік қарыздың құны теңгемен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Бұл дұрыс қабылданған шешім. Өйткені шығындарды долларлық қарыз есебінен жабу валюта нарығындағы тепе-теңдікті жақсартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін, Қазақстан Ұлттық қордан валютаны сатып, ал қалған қажеттілікті ішкі нарықтан теңгемен қарыз алып жабуға тырысатын. Бірақ бұл тәсіл жиі теңгенің әлсіреуіне әкелетін. Қазіргі жағдайда Қаржы министрлігі нарыққа қосымша доллар енгізіп, керісінше оны сату арқылы жағдайды тұрақтандырып отыр", – деді Т. Турлов Алматыдағы баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, ол бұл шаралардың арқасында мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілік қисығы қалыпты деңгейге келе бастағанын атап көрсетті.
"Ұлттық банк 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталатынын хабарлады. Бұл дегеніміз, Қаржы министрлігі енді көбіне ішкі нарыққа емес, сыртқы нарыққа шығуы мүмкін. Нәтижесінде нарықта валюта тапшылығы болмай, керісінше артық болуы ықтимал. Сондықтан менің ойымша, доллардың бағамы мықты болып қалады. Тіпті $1 үшін 500 теңгеден төмендеуі де мүмкін, және мен бұған таңғалмаймын", – деді Freedom Holding басшысы.
Финансистің пікірінше, бұл жағдай инфляция мен нарықтағы ақша массасының елеулі қысқаруына әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда Т. Турлов инвестиция үшін ең тиімді құрал ретінде теңгелік өнімдерді қарастырады.
"Егер мен қазақстандықтардың орнында болсам, доллар сатып алудан гөрі жоғары табысты депозиттерге, мемлекеттік бағалы қағаздарға немесе корпоративтік облигацияларға инвестиция салған болар едім. Әсіресе, кірістілікті ұзақ мерзімге бекіту мүмкіндігі болса, бұл доллар сатып алудан анағұрлым тиімдірек. Себебі келер жылы доллар бағамының $1 600 теңге деңгейінен асуы екіталай, және жағдайға қарап Қаржы министрлігі теңгеден гөрі сыртқы нарықтан көбірек валюталық қарыз алуы мүмкін", – деді спикер.

__wm.jpg)








