Қазақстанда ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясы шығады, хабарлайды LS.
Жаңа серияны Қазақстан Ұлттық банкі қаржыгерлерінің XI Конгресінде таныстырды. Ол "Сақ стилі" элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады. Басқалары дайын болған кезде айналымға енеді.
"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады", – атап өтті бас банкте.
Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Және барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.