Қазақстанда ет бағасының өсуін тежеу мақсатында үкімет бірнеше тұрақтандыру шараларын қолға алды. Бұл туралы LS-ке жауапты мемлекеттік органдар толық ақпарат берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ведомство агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, саланың шикізат базасын кеңейтуге және азық-түлік өндірісін арттыруға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар, субсидиялау мен жеңілдетілген несиелендіру арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетілуде.
Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін тауарлық интервенциялар мен өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдаланады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларына 5 мың тоннадан астам сиыр етіне келісімшарт жасаған.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ет бағасын тұрақтандыру және өндірушіден сөреге дейінгі тізбекте делдалдардың негізсіз үстеме бағасын болдырмау бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Мәселен, 20-29 қыркүйек аралығында Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері елордаға 26,1 тонна (129 туша) сиыр етін жеткізген. Оның 22,95 тоннасы ірі сауда желілеріне 1 кг үшін 2,9 мың теңгеден беріліп, тұрғындарға 3,6 мың теңгеге дейінгі бағамен сатылған. Арнайы "әлеуметтік дүкендерде" өнім төмен бағамен ұсынылуда. Дүкендерде сиыр етінің алдыңғы бөлігі шамамен 3,65-4,34 мың теңге аралығында сатылады.
Министрліктің мәліметінше, нарықта сиыр еті жеткілікті, тапшылық байқалмайды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес*, ішкі сауда субъектісі мен жеткізуші арасындағы келісімшартта өнім бағасына қосылатын сыйақы мөлшері тауар құнының 5%-ынан аспауы тиіс екенін еске салды (ҚҚС-сыз). Бұл талап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолданылмайды. Талапты бірінші рет бұзған жағдайда- ескерту, қайталанса – 300 АЕК (1,2 млн теңге) айыппұл салынады.
"Кейбір дүкендер қосымша үстеме мен жасырын сыйақы қосады. Сол себепті тауардың бағасы қымбаттап кетеді. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, әсіресе табысы төмен адамдар үшін, қолжетімсіз болады. Мұндай жағдай бәсекені азайтып, ірі дүкендерге пайда әкеледі, ал қарапайым тұтынушы зардап шегеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлікте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауды жалғастырып, жеткізу тізбектерін талдау, делдалдық схемаларды анықтау, қосымша үстемелерді тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл мақсатта электрондық шот-фактуралар мен сауда субъектілерінің деректері сарапталуда.
2025 жылдың басынан бері 9,46 мың жеткізу тізбегі зерттеліп, 886-дан астам тәуекелді жағдай анықталған. Өңірлік комиссиялар 759 отырыс өткізіп, 2,3 мыңнан астам бұзушылықты тіркеген. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалып, 353 жағдайда негізсіз делдалдар алынып тасталды.
Территориялық департаменттер әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты 2,2 мың әкімшілік қаулы қабылдаған. Оның ішінде 1 мыңнан астамы – айыппұл (жалпы сомасы 39,9 млн теңге), ал 1,2 мыңы – ескерту түрінде.
Сиыр етіне қатысты 45 әкімшілік іс тіркеліп, оның 33-і бойынша 353,8 мың теңге айыппұл, 12-сі бойынша ескерту берілген.
Бұған дейін, LS редакциясы сиыр еті мен сары майдың қымбаттағаны туралы жазған еді. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсу себептерін түсіндірді.
*"Сауда қызметін реттеу туралы" заң.