Қазақстанда сәбіз экспортының күрт өсуіне байланысты оны шетелге шығаруға тыйым салу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды LS.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан сәбіз экспортын үш айға шектеуді көздеп отыр. Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Шектеу үшінші елдер мен ЕАЭО бағытындағы жаңа және салқындатылған сәбізді барлық көлік түрлерімен тасымалдауға қолданылады. Транзитке ғана рұқсат беріледі.
Сонымен қатар, биыл шетелге сәбіз сату көлемі айтарлықтай артқан. Қаңтар-қазан айларында ішкі нарықтан 91,6 мың тонна сәбіз экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 есе көп.
Өзбекстанға сәбіз жеткізу көлемі айтарлықтай өсіп, 13,7 есе артып 65,9 мың тоннаға жетті. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 5 мың тоннадан аспаған.
Бұдан бөлек, қазақстандық сәбізді сатып алушылар қатарында Тәжікстан (4,4 мың тонна), Украина (567 тонна) және Беларусь (113,4 тонна) пайда болды. Бұл елдерге өткен жылы экспорт жасалмаған.
Ал Қырғызстанға экспорт, керісінше, 1,5 есе азайып, 1,2 мың тоннаға дейін төмендеді.
Негізгі импорттаушылардың бірі саналатын Ресейге жеткізілім де 2,2%-ға қысқарып, 19,3 мың тоннаны құрады.
Соңғы бес жылдағы деректерге сәйкес, сәбіз экспортының өсімі 2023 жылдан басталған. Сол жылы қазақстандық аграршылар шетелге 22,8 мың тонна өнім экспорттаған. Ал бұған дейінгі кезеңде жеткізілім көлемі 11 мың тоннадан аспай, жыл сайын төмендеген: 2020 жылы – 10,8 мың тонна, 2021 жылы – 6,8 мың тонна, 2022 жылы – 4,5 мың тонна.
Өткен жылы ішкі нарықтан барлығы 29,8 мың тонна сәбіз экспортталған.
Ішкі нарықтағы бағаға келсек, 2025 жылдың қарашасында сәбіз бір жылда 17%-ға қымбаттап, келісі 178 теңгеге жетті. Ал 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға 1,6 есе өскен.
Қараша айында өндірушілер сәбізді тоннасына орта есеппен 113,8 мың теңгеден сатқан. Бұл бір жылда 1,5 есе қымбаттағанын көрсетеді. Ал 2020 жылы баға 70,6 мың теңге деңгейінде болған.








