Қазақстандық кәсіпорындар теңге мен рубль бағамының өзгеруі бизнесіне кері әсерін күшейткенін мәлімдеді. Бұл Ұлттық банктің кәсіпорындар арасында жүргізген сауалнамасында анықталды, деп хабарлайды LS.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың II тоқсанында саудадан басқа барлық салаларда бәсекелестіктің бизнеске ықпалы артқан. Нарықтық бәсекелестікті ең көп сезінетін- сауда саласы. Мұндағы кәсіпорындардың 46,5%-ы бәсекелестіктің өз қызметіне әсер ететінін айтқан.
Өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 38,7%, көлік және қоймалау саласында – 32,6%, құрылыста – 30,7%, ауыл шаруашылығында – 21,8%, ал тау-кен өнеркәсібінде – 15,6%-ды құрады.
Ұлттық банктің сауалнамасына сәйкес, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін негізгі факторлар қатарында нарықтағы бәсекелестік, салық жүктемесінің жоғары деңгейі және білікті мамандардың тапшылығы бар.
Келесі 12 айда инвестицияларды қаржыландыру деңгейі бұрынғы көлемде сақталады деп болжануда. Ең жоғары өсім ауыл шаруашылығында – 13,8%. Ал құрылыс саласында керісінше 16,6%-ға төмендеу күтіледі.
"Сауда мен ауыл шаруашылығында есеп айырысу кезінде Ресей рублі басым қолданылады. Өңдеу өнеркәсібінде рубль АҚШ долларымен қатар негізгі валюталардың бірі саналады. Ал тау-кен өнеркәсібі, көлік және қоймалау салаларында доллардың үлесі жоғары. 2026 жылдың II тоқсанында теңгемен есеп айырысуға көбірек жүгінген- көлік және қоймалау саласының кәсіпорындары", – делінген сауалнамада.
Компаниялар теңгенің рубльге шаққандағы бағамының өзгеруі бизнесіне кері әсерін күшейткенін атап өтті. Ал доллар бағамының ауытқуына байланысты теріс ықпал тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау салаларында азайған.










