Франция Қазақстанға инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға гранттар бөледі. Бұл туралы егжей-тегжейін депутат Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлайды LS.
"Құжат Францияның Қазақстандағы даму агенттігінің жұмыс жағдайларын анықтайды. Бұл дамушы елдерге ресми көмек көрсететін үкіметтік ұйым. Қазір агенттік Қазақстанға денсаулық сақтау саласына грант ретінде 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро және Арал бассейні аймағындағы мектептердегі білім беру қызметіне 2,4 млн еуро бөлуді жоспарлап отыр", - деді ол.
Жексенбайдың айтуынша, шетелдік ұйым Қазақстанға бірнеше жоба бойынша техникалық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Ол Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр беру желілерін салу жобалары.
"Францияның даму агенттігі 15 жылға дейін ұзақ мерзімді несие беру арқылы мемлекеттік және жеке компанияларды қолдайды. Ол негізінен энергетика, көлік және коммуналдық шаруашылық саласындағы объектілерді салуға жұмсалады. Сондай-ақ, агенттік инфрақұрылымдық жобалар пулын, соның ішінде сумен жабдықтау, кәріз немесе суару секторын қаржыландыруды қарастыруда. Ұйым әйелдер кәсіпкерлігін де қолдайды", - деп жалғастырды сенатор.
Бұл ретте келісім Француз даму агенттігі үшін ҚР заңнамасына сәйкес шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде болуына тыйым салынған жерлерді қоспағанда, елдегі жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және оған билік ету, сондай-ақ, сотқа жүгіну мүмкіндігін көздейді.
Айта кетейік, сенат "ҚР үкіметі мен Франция үкіметі арасындағы ҚР-дағы француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.