Қазақстандықтарға бензин бағасының қымбаттауын күтуге негіз жоқ. Бұл туралы LS-ке энергетика министрлігінде түсініктеме берді.
Министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, жанар-жағармай бағасында күрт өсім күтілмейді, жағдай мемлекет бақылауында.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын өсіруге мораторий күшінде. Бұл шешім инфляциялық қысымды азайтуға бағытталған. 2027 жылдан бастап ЕАЭО шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру процесі біртіндеп іске асырылады. Бұл бағаны өзге елдермен автоматты түрде теңестіруді емес, заңнамаларды үйлестіруді көздейді. Интеграциялық бастамаларда елдің ұлттық мүддесі мен халықтың әлеуметтік әл-ауқаты басымдыққа ие болады", – деді ол.
Сонымен қатар, Ә. Серікпаева объективті нарықтық факторларды да ескермеуге болмайтынын атап өтті.
"Көршілес мемлекеттермен баға айырмашылығының айтарлықтай болуы арзан жанар-жағармайдың заңсыз экспортталу қаупін күшейтеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта жасанды тапшылықтың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, қазіргі төмен баға деңгейі саланың инвестициялық әлеуетін шектеп отыр. Ал мұнай өңдеу саласын дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа, төртінші зауыт салу қажеттілігі туындап отыр. Мораторий мерзімі аяқталған соң нарықтық бағаға көшу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қабылданатын барлық шешімдер экономикалық ахуал мен халықтың табысын ескере отырып қабылданып, тұтынушылар үшін күрт өзгерістерге жол берілмейді", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін, мұнай өңдеу зауыттары бензин мен дизель отынының бағасын өсіргені хабарланған. Сонымен қатар, Қазақстанда арзан бензиннің көршілес елдерге әкетіліп жатқаны туралы ақпарат тараған.
Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, АИ-92 бензинінің Қазақстан мен шекаралас мемлекеттердегі бағасы арасындағы айырмашылық 70%-дан 111%-ға дейін жетеді.
Қазақстанда бензин литрі 239 теңге, Ресейде – 406 теңге, Қырғызстанда – 453 теңге, Өзбекстанда – 505 теңге.










