Қазақстандықтар емделуге алған біржолғы зейнетақы төлемдерінің 7,3 млрд теңгесін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) кері қайтарды, деп хабарлайды LS.
Жыл басынан бері 627 қазақстандық емделу мақсатында 631,4 млн теңге көлемінде біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) пайдаланған. Ал осы кезеңде 9,8 мың адам БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 7,3 млрд теңгені қайтарды.
Қайтарылған қаражат көлемі бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Жыл басынан бері қала тұрғындары БЖЗҚ-ға 1,4 млрд теңге қайтарған. Бұл қаражатты 1,6 мың адам кері аударған. Астанада 983 алушы 765,4 млн теңгені қайтарды.
Қарағанды облысында 1,1 мың алушы 775,4 млн теңгені қайтарса, Атырау облысында 1 мыңнан астам алушы 704,6 млн теңгені, Маңғыстау облысында 819 алушы 581,7 млн теңгені БЖЗҚ-ға кері аударған.
БЖЗҚ-ның LS редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, жыл басынан бері қайтарылған біржолғы зейнетақы төлемдерінің ең үлкен үлесі радиохирургиялық емге тиесілі. Аталған бағыт бойынша 3,6 млрд теңге қайтарылған, бұл жалпы қайтарылған қаражаттың 50,15%-ын құрайды.
Екінші орында офтальмологиялық қызметтер бойынша қайтарылған қаражат тұр- 2,03 млрд теңге немесе жалпы соманың 27,95%-ы. Үшінші орында реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары (пластикалық оталар) – 1,2 млрд теңге (17,16%).
Ал стоматологиялық қызметтер бойынша БЖЗҚ-ға 195 млн теңге қайтарылған, бұл жалпы қайтарымның 2,7%-ын құрайды.
Қордың мәліметінше, біржолғы зейнетақы төлемдері, соның ішінде қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны анықталған жағдайда, БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады.
2025 жылы 267,8 мың қазақстандық емделуге БЖЗҚ- дан 392,7 млрд теңге алған. Сол кезеңде қорға қайтарылған біржолғы зейнетақы төлемдерінің жалпы көлемі 65,2 млрд теңгені құрады.
2026 жылдың жеті айында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 221 мың қазақстандық БЖЗҚ-дан 434,6 млрд теңге алған. Оның ішінде 83,2 млрд теңге, яғни 19,1%-ы қорға қайта қайтарылған. Бұл қаражатты 66 мың қазақстандық кері аударған.
Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға (ЖБК) 57,4 мың қазақстандық сенімгерлік басқаруға берген. Жыл басынан бері Ұлттық банктен жеке басқарушы компанияларға 55,2 млрд теңге аударылған.
Қазіргі таңда жеке басқарушы компаниялар арасында Halyk Finance көш бастап тұр. Оның қызметін 24,6 мың салымшы таңдаған. Одан кейін "Сентрас Секьюритиз" – 11,5 мың, Alatau City Invest – 10,4 мың, BCC Invest – 9,2 мың, Tansar Capital – 1,2 мың және Halyk Global Markets – 289 салымшы.
Айта кетейік, маусым айының басында БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін шамамен екі есеге көтерді. Нәтижесінде 500 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігінен айырылды.
Бұған дейін, LS редакциясы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігі 294 млрд теңгеге теріс көрсеткішке түскенін хабарлаған болатын.










