Қазақстандықтар үшін жаңа несиелер алу тәртібі қатаңдатылды, деп хабарлайды LS. Жаңа ережелер 24 қарашадан бастап күшіне енеді.
Ұлттық банктің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам мерзімге төлемін кешіктірген қарыз алушылардың қарыздық жүктемелік коэффициенті (ҚЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Бұл олардың шамадан тыс қарыз алуын шектеп, қайта дефолт қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, келесі жағдайларда кепілсіз тұтынушылық несиелерді алу шектеледі:
- банктік қарыз бойынша 30 күннен артық, немесе микроқаржы қарыздары бойынша 1 күннен артық төлем кешіктірген жағдайда;
- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап негізгі борыш немесе сыйақы бойынша толық кешірілген қарыздары болған жағдайда (соңғы 36 ай ішінде);
- соңғы 12 айда реструктуризация жүргізілген, бірақ қарыз алушы міндеттемесін толық орындамаған жағдайда.
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тұтынушылық несиелердің белсенді өсуі инфляцияны арттыратын факторлардың бірі болып отыр.
Алайда, ол несие берудің қатаңдатылуы қара нарықтың кеңеюіне әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.










