Қазақстанда шетелдік нөмірлі көліктер үшін жанар-жағармай бағасын жергілікті жүргізушілерге қарағанда қымбатырақ белгілеу қажет. Мұндай ұсынысты мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов айтты.
Сарапшының айтуынша, әзірге Ресейден келген көліктердің жанармай құю бекеттеріне жаппай ағылғаны туралы нақты дерек жоқ. Алайда түрлі көлеңкелі схемалар арқылы жанар-жағармайдың көрші елдерге заңсыз шығарылып, сатылып жатқаны белгілі.
Сарапшының айтуынша, осыған байланысты үкімет басшысы Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырған. Соңғы екі жылда бұл бағыттағы бақылау айтарлықтай күшейіп, соның нәтижесінде Қазақстанның импорттық бензинге тәуелділігі азайған. Бұрынғыдай жанармай тапшылығы емес, керісінше мұнай өнімдерінің қоры қалыптаса бастаған.
Жанармай тапшылығы болуы мүмкін бе?
О. Байділдинов қазіргі таңда елде жанармай тапшылығы жоқ екенін айтты.
"Қазір Қазақстанда жағдай тұрақты. Бірақ Ресейде АИ-95 бензинінің бағасы шамамен 100 рубль немесе 660 теңгеге жуық. Бұл Қазақстандағы бағадан екі есе қымбат. Сондықтан жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылу қаупі артып, әсіресе тас жол бойындағы жанармай құю бекеттерінде тапшылық туындауы мүмкін", – деді "Байдильдинов. Нефть" Telegram-арнасының авторы.
Оның пікірінше, әзірге сұраныстың күрт артуы байқалмайды. Сондықтан Қазақстан қазіргі қорымен күзге дейін жетуі мүмкін.
Сарапшының айтуынша, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалып жатқан шабуылдар бүкіл Орталық Азияға әсер етуі мүмкін. Себебі Ресей өңірдегі мұнай өнімдері, табиғи газ және электр энергиясының негізгі жеткізушісі. Оның сөзінше, Қырғызстандағы жанармай тапшылығы да Ресейден жеткізілімнің азаюымен байланысты.
Шетелдіктер үшін шектеу мен бөлек баға қажет
О. Байділдинов шетелдік көліктерге жанармай сатуға қатысты бірқатар шара қабылдауды ұсынды.
Атап айтқанда, жанармай сатуға лимит енгізу қажет деп есептейді.
Сарапшының пікірінше, шетелдік нөмірлі жүк және жеңіл көліктерге жанармай жоғары бағамен сатылуы тиіс. Себебі олар Қазақстанда көлік салығын төлемейді, бірақ жол инфрақұрылымын пайдаланады. Бұл, әсіресе, Армения, Қырғызстан және басқа елдердің тіркеуіндегі көліктерге қатысты.
"Көлігін шетелде тіркеп, Қазақстанда салық пен кедендік төлем төлеуден жалтарғысы келетін өз азаматтарымыз да бар", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік жүк көліктері үшін арзан жанармай құятын үлкен базаға айналып кеткен.
Мысалы, Өзбекстаннан Мәскеуге қатынайтын жүк көліктері Қазақстанға жартылай бос бакпен келіп, арзан жанармайды осы жерден толық құйып алады. Кейбір көліктердің бак сыйымдылығы 600 литрден 3 мың литрге дейін жетеді.
"Қазақстан бүгінде үлкен жанармай құю бекетіне айналып отыр. Бірақ бұдан елге айтарлықтай пайда жоқ. Сондықтан шетелдік көліктер үшін шектеулер енгізіп, жанармай бағасын жоғары белгілеу қажет", – деп түйіндеді О. Байділдинов.










.png)