Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында "Қорғас" үлгісіндегі жаңа орталық ашу жоспарлануда, деп хабарлайды LS.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны $100 млн-ды құрайтын төрт жобаны жүзеге асыру көзделген. Инвесторларды тарту және іздестіру жұмыстарын Trans Continental Logistic GR компаниясы жүргізеді.
"Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының басталуына дайындық ретінде жер телімі тегістеліп, қоршау орнатылды", - деп қосты әкімдіктегілер.
Сауда және интеграция министрлігі бұл аумақта 100 гектарды қамтитын тамақ, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары ашылатынын хабарлады. Аумағының 50 гектары – Қазақстанға, қалғаны – Өзбекстанға тиесілі.
"Белгілі бір аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі. Инфрақұрылым бюджеттен тыс қаражат есебінен салынады", - делінген министрліктің жауабында.
Министрліктің мәліметінше, техникалық және құрылыс жұмыстары 2026 жылдың IV тоқсанында аяқталуы мүмкін.
Бұған дейін, мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жұмысын реттеу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдағаны хабарланған еді.