Қазақстанда азық-түлік бағасы ЕАЭО елдері арасындағы ең төмен бағалардың бірі ретінде тіркелді, деп хабарлайды LS.
2025 жылдың мамырында ЕАЭО елдеріндегі орташа инфляция 9,7%-ға жетті. Бір жыл бұрын, 2024 жылдың сол айында бұл көрсеткіш 7,9% болған, деп мәлімдеді Еуразиялық экономикалық комиссия.
Одақ елдері ішінде ең жоғары инфляция Қазақстанда тіркеліп отыр – 11,3%. Ресейдегі баға өсімі де айтарлықтай – 9,9%. Қалған елдерде көрсеткіштер төменірек: Қырғызстанда – 8%, Беларусьта – 7,1%, Арменияда – 4,3%.
Азық-түлік бағасының өсімі жағынан Ресей көш бастап тұр – 12,5%. Одан кейін Қырғызстан – 9,9%, Қазақстан мен Беларусь – 9,6%-дан. Арменияда азық-түлік бағасы 7,2%-ға өскен.
Азық-түлік бағасына жеке тоқталғанда, инфляцияның жоғары деңгейіне қарамастан, Қазақстанда өнімдер құны салыстырмалы түрде төмен күйінде қалып отыр.
Мысалы, 2025 жылдың сәуірінде Арменияда 1 кг сиыр еті $9,40 болса, Ресейде – $7,63, Қырғызстанда – $7,55. Ал ең арзан ет Қазақстанда ($5,90) және Беларусьта ($4,23) тіркелген.
Тауық еті де ең төмен бағада Қазақстан мен Беларусьта сатылып жатыр – $2,09/кг. Ал Ресейде бұл өнім $2,59, Арменияда – $4,09, Қырғызстанда – $4,15 тұрады.
Қазақстанда күнбағыс майының бағасы $1,53 құрап, ЕАЭО елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды. Салыстыру үшін: Ресейде – $1,81, Қырғызстанда – $1,89, Беларусьта – $1,97, ал Арменияда – $1,99.
Сонымен қатар, ірімшік бағасы бойынша Қазақстан жоғары орында тұр – $10,65/кг. Бұл көрсеткіш тек Ресейден ғана арзан – ол жақта $11,43. Қалған елдерде ірімшік едәуір арзан: Қырғызстанда – $7,40, Беларусьта – $7,80, Арменияда – $6,35.
Азық-түліктен бөлек тауарлар бағасы бойынша да Қазақстанда өсім жоғары – бір жыл ішінде 9%-ға қымбаттаған. Қырғызстанда – 5,5%, Ресейде – 4,8%, Беларусьта – 3,6%, ал Арменияда керісінше 0,1%-ға төмендеу тіркелген.
Төлемді қызметтер бағасының өсімі бойынша да Қазақстан бірінші орында – 16%. Ресейде бұл көрсеткіш – 12,6%, Беларусьта – 7,2%, Қырғызстанда – 5,5%, Арменияда – 3,1%.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның ЕАЭО елдері арасында жұмыссыздық деңгейі артқан жалғыз ел екенін жазған болатын.