Қазақстанда құрылыс саласында конвейер машинистері мен шыны жасаушы мамандығы жоғалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі LS-ке алдағы жылдары қандай мамандықтар өзекті болмайтынын айтты.
Министрлікте ұсынған орта мерзімді болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай кадрларға жалпы қажеттілік 1,8 млн адамды құрайды. Оның ішінде 883 мың адам – жаңа сұраныс, 948 мың адам – ауыстыру бойынша.
Ең аз сұраныс өнер, ойын-сауық және демалыс (29,4 мың адам немесе 1,6%), қаржылық және сақтандыру қызметі (21 мың адам немесе 1,1%) сияқты салаларға тиесілі болады.
Керісінше, ең көп бос орындар білім беру (380,0 мың немесе 20,7%), көтерме және бөлшек сауда (206,9 мың немесе 11,3%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (175,2 мың немесе 9,6%) салаларында пайда болады. Бұл ретте қызмет көрсету саласындағы мамандар барынша сұранысқа ие болады.
2030 жылға қарай ең көп қажет болатын мамандықтар:
- қоғамдық ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері (44,9 мың адам), жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (39 мың адам), бастауыш мектеп мұғалімдері (31,6 мың адам);
- дүкен сатушылары және олардың көмекшілері (67,9 мың адам), жарнама және өнімді жылжыту бойынша кәсіби мамандар (9,5 мың адам);
- аралас өнім өндіретін фермерлер мен жұмысшылар (19,4 мың адам), дәстүрлі тәсілмен көкөніс өсіретін фермерлер мен жұмысшылар (18,7 мың адам), тракторшылар (13,3 мың адам).
Сонымен қатар, технологияның дамуымен кейбір қызмет түрлерінің ескіруі мен жойылуы күтіледі. Экономиканың тоғыз саласын форсайт-зерттеу нәтижелері бойынша* 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жойылып бара жатқан мамандықтар анықталды.
Оның ішінде жақын арада конвейер машинистері, тау-кен металлургия саласындағы көтергіш қондырғылардың машинистері, газ кескіштер, құрылыс саласындағы әйнек кескіштер жоғалады. Еңбек министрлігінде мамандықтар нарық қажеттіліктеріне сәйкес жаңғыртылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, құрылыс саласында робототехника бойынша техниктер, тау-кен металлургия саласында – геологиялық барлау процестерін бақылаудың ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары, жабдықтарды болжамды диагностикалау жөніндегі инженерлер пайда болады.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда басқа елдерден қандай мамандар күтілетіні туралы хабарлаған болатын.
*Тау-кен металлургия, мұнай-газ салалары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс.