Алматыда жеке секторды мәжбүрлеп көшірмейді

сегодня

Алматыда жеке сектордағы үйлерді көпқабатты тұрғын үй салу үшін мәжбүрлеп бұзу немесе тұрғындарды күштеп көшіру жоспарланбаған. Бұл туралы қоғамдық тыңдауда "Алматыгенплан" ғылыми-зерттеу институтының басшысы Асхат Садуов мәлімдеді.

Қоғамдық тыңдау барысында Медеу ауданындағы "Компот" шағынауданының тұрғыны Бас жоспардың тұрғындардың конституциялық құқықтарын қалай қорғайтынын сұрады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның 28-бабына сәйкес, тұрғын үйге қол сұғылмайды. Азаматты баспанасынан айыру немесе көшіру тек сот шешімімен ғана мүмкін. Сондай-ақ, тұрғын үйге кіру, оны тексеру не тінту заңда белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылады.

Ал жаңа Конституцияның 29-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтарының заңды түрде иеленген кез келген мүлкіне жеке меншік құқығына кепілдік беріледі.

Осыған байланысты А. Сәдуов жеке сектор тұрғындарының конституциялық құқықтары сақталатынын, ешкімнің үйі заң талаптарын сақтамай мәжбүрлі түрде сүрілмейтінін атап өтті.

Оның айтуынша, егер белгілі бір аумақта қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланса, алдымен сол аумақта тұратын тұрғындардың келісімі мен пікірі ескеріледі.

"Жеке тұрғын үйді мәжбүрлі түрде сатып алу немесе сүріп тастау қарастырылмаған. Бұл мәселе тек меншік иесі мен әлеуетті инвестордың өзара келісімі арқылы шешіледі. Инвестор қызығушылық танытпаса, ешқандай өзгеріс енгізілмейді", – деді ол.

Сондай-ақ, ол Бас жоспарда жеке тұрғын үй аумақтарының көпқабатты құрылыс аймағы ретінде белгіленуі мемлекет жерді мәжбүрлеп тартып алады немесе үйді сүріп тастайды дегенді білдірмейтінін атап өтті.

"Бұл – қаланы дамытудың ұзақмерзімді жоспары ғана. Егер инвестор тұрғындармен келісімге келмесе немесе кем дегенде бір меншік иесі қарсы болса, жер учаскесі сатып алынбайды. Яғни тұрғындардың келісімі негізгі шарт. Ал егер тұрғындар жеке тұрғын үй аумағын сақтап қалуды шешсе, олардың жерін ешкім мәжбүрлеп сатып ала алмайды, өйткені ол заңмен қорғалатын жеке меншік", – деп түсіндірді А. Сәдуов.

Оның айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары "Компот" шағынауданының тұрғындарымен бұған дейін де жүргізілген. Сондай-ақ, ол қоғамдық тыңдаудың негізгі тақырыбы экология мәселелері болғандықтан, оған қатысы жоқ сұрақтар қаралмайтынын ескертті.

Кейін Түрксіб ауданындағы жеке үй иелерінің бірі мәселені экология тұрғысынан көтерді. Оның айтуынша, жасыл желекке бай жеке тұрғын үй аумақтарын көпқабатты үйлермен алмастыру қоршаған ортаға кері әсер етуі мүмкін. Себебі құрылыс тығыздығы артып, автокөлік пен тұрмыстық қалдық көлемі көбейеді. Сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме артады.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.