Ақтөбе облысындағы Көкжиде құм алқабын гидрогеологиялық бағалау жобасына Испания тарапынан грант бөлінбейді. Бұл жөнінде су ресурстары және ирригация министрлігі LS редакциясының сауалына жауап берді.
Министрліктің мәліметінше, жоба аясында Испанияның FIEM қорының қайтарымсыз гранты арқылы аэрогеофизикалық электромагниттік түсірілім жүргізу жоспарланған.
"Испанияның Экономика, сауда және кәсіпкерлік министрлігінен алынған ақпаратқа сәйкес, жоба 2025 жылдың қыркүйегінде ресми түрде қарауға қабылданып, жан-жақты сараптамадан өтті",- делінген министрлік жауабында.
Алайда 2026 жылдың наурызында Испания тарапы жобаны басым жобалар тізіміне енгізбеу туралы шешім қабылдады.
Осыған байланысты FIEM қоры арқылы жобаға қаржы бөлінбеді. Соның салдарынан аэрогеофизикалық зерттеулер, сондай-ақ деректерді өңдеу мен модельдеу жұмыстары жүргізілмеген.
"Испания тарапының ресми түсіндірмесіне сәйкес, бұл шешім жобаның маңыздылығы немесе өзектілігіне байланысты емес. Ол қолжетімді қаржы көлемінің шектеулі болуына байланысты жобаларды басымдық бойынша іріктеу аясында қабылданған",- деп атап өтті министрлікте.
Соған қарамастан, Су ресурстары және ирригация министрлігі жер асты су қорларын зерттеу және бағалау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ бұл бағытта заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Қазіргі таңда Испанияның Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жобаларға қатысуына қатысты нақты келісімдер жоқ.
Еске салайық, былтыр LS редакциясы Испанияның Қазақстандағы жер асты су қорларын зерттеу жобасына 1,2 млн еуро көлемінде грант бөлетінін хабарлаған еді. Жоба аясында алғашқы кезеңде Ақтөбе облысындағы Көкжиде құм алқабында зерттеу жүргізіп, жиналған деректерді өңдеу және модельдеу жоспарланған болатын.









