Ақтөбе облысында жалпы құны 182 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар іске асырылды. Бұл туралы LS-ке өңірлік әкімдік мәлімдеді.
Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста тоғыз өндірістік нысан пайдалануға берілген. Жалпы инвестиция көлемі – 182,6 млрд теңге.
Атап айтқанда, жылдық қуаты 1,2 млн тонна кен өндіруге жететін Лиманное кен орнын игеру жобасы іске қосылды. Жобаға 257,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 460 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясы пайдалануға берілді. Жобаның құны 77 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Өткен жылы өндірістік қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған флотациялық учаске іске қосылды. Аталған жобаға 20,6 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына шамамен 275 мың тонна өнеркәсіптік қалдықты қайта өңдеуге қауқарлы.
Облыста жылына 2 112 тонна өнім өндіретін жүнді терең өңдеу және тоқыма емес материалдар шығаратын цех пайдалануға берілді. Жобаның құны 5,3 млрд теңгені құрап, 40 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар сүт-тауар фермасын кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Аталған жобаға 4,6 млрд теңге инвестиция салынды.
2025 жылы гофроқаптама мен стрейч-пленка шығаратын өндіріс ашылды. Жобаның құны – 2 млрд теңге, 250 адам жұмыспен қамтылды.
Бұдан бөлек, 1,5 млрд теңгеге ұсақ бұйымдар өндіретін кәсіпорын іске қосылып, 22 адам жұмысқа орналасты.
Өңірде агрохимикаттар шығаратын зауыт іске қосылды. Аталған жобаға 564,6 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 500 текше метр гербицид, 1,5 мың текше метр сұйық тыңайтқыш және 50 текше метр қосалқы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 30 жұмыс орны құрылды.
Бұдан бөлек, тасымалданатын және жылжымалы ұнтақты өрт сөндіргіштер мен қысымды өрт сөндіру жеңдерін өндіретін өндіріс іске қосылды. Инвестиция көлемі 542,9 млн теңгені құрады. Кәсіпорын бір ауысымда 1 мың өрт сөндіргіш пен 1 мың метр өрт сөндіру жеңін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 25 жұмыс орны құрылды.
Бұған дейін, өңірде үш жобаның іске қосылу мерзімі шегерілгені туралы ақпарат тараған болатын. Аталған жағдайға қатысты түсініктемені облыс әкімдігі LS-ке берген еді.










