Америкалық компания Қазақстанда жоғары деңгейде өңделген вольфрам өнімдерін өндіруді дамытуға атсалысады. Жобаның қай сатыда екеніне қатысты LS редакциясының сауалына өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, жоба Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар кен орындары негізінде іске асырылады. Америкалық компаниямен тиісті келісімдер жасалған.
"Келісім шарттарына сәйкес, америкалық тарап кемінде $1,1 млрд көлемінде инвестиция құюды көздейді", – делінген жауапта.
Министрлік бұл жобаның Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, екі байыту фабрикасы мен аммоний паравольфраматын өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы жоспарланып отыр.
"Кен орындарын игеру кезеңінде бюджетке түсетін жалпы салық көлемі шамамен $1,45 млрд болады деп болжануда (оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы, корпоративтік табыс салығы, экологиялық төлемдер және т.б.)", – деп хабарлады LS-ке.
Жобаның іске асуы шамамен 1,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, министрлікте қазіргі уақытта әріптестікке байланысты құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелердің пысықталып жатқанын хабарлады.
"Жобаның негізгі параметрлері, соның ішінде іске асыру мерзімдері, технологиялық шешімдері және қаржылық көрсеткіштері осы кезеңнің қорытындысы бойынша нақтылайтын болады", – деп түйіндеді министрлікте.
Бұған дейін, LS редакциясы Қарағанды облысында 2026 жылдың соңына дейін машина жасау және құрылыс материалдары өндірісі саласында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланғанын хабарлаған болатын. Бұл жобаларға Қытай компаниялары инвестиция құюды көздеп отыр.










