Жүргізушілерге жаңа тариф: автосақтандыру кімдер үшін қымбаттады

сегодня

Қазақстанда міндетті автосақтандыру полисінің құны орта есеппен 14%-ға қымбаттады. Бұл туралы LS-ке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, міндетті автосақтандыру полисінің құны әр жүргізуші үшін жеке айқындалады. Баға жүргізуші мен көлікке қатысты бірнеше факторға байланысты қалыптасады.

Полис құнын есептеу барысында 2026 жылғы базалық сақтандыру сыйлықақысы (1,9 АЕК немесе 8 217,5 теңге), жүргізушінің жасы мен тәжірибесі, көліктің түрі мен пайдалану мерзімі, тіркелген өңірі және сақтандыру тарихы назарға алынады.

"Сондықтан міндетті автосақтандыру полисінің құны әр жүргізуші үшін әртүрлі болуы мүмкін. Кей жағдайда сақтандыру сыйлықақысы 100 мың теңгеден де асады. Алайда мұндай жағдайлар жаппай емес. Әдетте бұл жол-көлік оқиғаларына бірнеше рет кінәлі болған, сақтандыру тәуекелі жоғары жүргізушілерге қатысты", – деп түсіндірді агенттікте.

Агенттіктің мәліметінше, биыл полис құнын есептеу тәртібі өзгеріссіз қалды. Алайда бонус-малус жүйесіндегі коэффициенттердің қайта қаралуы нәтижесінде тәжірибесі аз жүргізушілер үшін сақтандыру құны 1,5 есеге арзандап, коэффициент 1,8-ден 1,2-ге дейін төмендетілді.

"Бұдан бөлек, сақтандыру құнына ықпал ететін екі параметр жыл сайын жаңартылып отырады. Олар – АЕК-ке (1,9 АЕК) тәуелді базалық сақтандыру сыйлықақысы және өңірлердегі шығын деңгейіне қарай белгіленетін түзету коэффициенттері", – деп қосты ведомство.

Биыл АЕК мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 4 325 теңгеге жетті (2025 жылы- 3 932 теңге). Сонымен қатар өңірлік түзету коэффициенттері де орта есеппен 4%-ға ұлғайды. Соның нәтижесінде биыл міндетті автосақтандыру полисінің құны орта есеппен 14%-ға қымбаттады.

Қазіргі таңда міндетті автосақтандыру полисінің орташа құны 23 870 теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, сақтандыру құны көлік иесінің санатына қарай да өзгереді. Мәселен, жасы 25-ке толмаған және жүргізушілік өтілі екі жылдан аз азаматтар үшін сақтандыру сыйлықақысы жоғарырақ. Сонымен қатар көліктің пайдалану мерзімі де есепке алынады. Әдетте жеті жылдан асқан автокөліктердің сақтандыру полисі қымбат тұрады.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.