Зейнетақы қорынан қаражат алу шектері қайта қаралмақ

сегодня

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алу талаптары қатаңдатылуы мүмкін. Бұл жөнінде LS тілшісінің сауалына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жауап берді.

Қазіргі уақытта тиісті үкімет қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін (ЕТЖ) айқындау әдістемесін қайта қарау қарастырылған.

Қордың мәліметінше, енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты – болашақта лайықты зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін қажетті ең төменгі жинақ көлеміне қойылатын талаптарды қатаңдату.

Қазіргі уақытта ЕТЖ есептеу кезінде ең төменгі жалақы, ең төменгі және базалық зейнетақы, күнкөріс деңгейі және өзге де әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналары ескерілсе, жаңа әдістеме актуарлық тәсілге негізделетін болады.

Бұл дегеніміз, есептеу кезінде адам зейнетке шыққаннан кейін қанша жыл өмір сүретіні, ай сайын қанша ақша алатыны, сондай-ақ табыстылық деңгейі мен индексация сияқты қаржылық параметрлер ескеріледі. Есептеу әрбір салымшының жас ерекшелігіне қарай жеке жүргізіледі.

Жинақты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін қарастыру кезінде шотта болашақ зейнетақыны қалыптастыруға жеткілікті қаражаттың сақталу-сақталмауы бағаланатын болады.

"Осылайша, жаңа модель ЕТЖ есептеуін зейнетақы жүйесінің нақты жағдайына барынша жақындатып, азамат зейнетке шыққан кезде жинақтың жеткіліксіз болып қалу қаупін төмендетуге бағытталған", – делінген хабарламада.

Жобаға сәйкес, ЕТЖ көрсеткіштері кейінге қалдырылған өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құнына сүйене отырып есептеледі. Қазіргі таңда жеткіліктілік сомасы азаматтың жасына және жынысына қарай шамамен 9,2-13,2 млн теңге аралығында қалыптасқан.

Бұған дейін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан 5 трлн теңгеден астам қаржы алғанын айтқан еді. Оның шамамен 1 трлн теңгесі 20-30 жас аралығындағы азаматтардың үлесіне тиесілі.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.