Соңғы бес жылда Қазақстанның Ресей мен Бермуд аралдары алдындағы қарызы едәуір ұлғайды деп хабарлайды LS.
Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның сыртқы қарызы 164,7 миллиард АҚШ долларына жеткен, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,04%-ға немесе 7,9 миллиард долларға артық.
Сыртқы қарыз құрылымында негізгі үлесті резидент еместерден алынған несиелер мен қарыздар (74,2%) алады. Сонымен қатар, резидент еместердің иелігіндегі қарыздық бағалы қағаздардың үлесі 8,9%-ды құрайды.
Елдер арасында Қазақстанның ең үлкен қарызы Нидерландқа тиесілі- $42,2 млрд. Бұл көрсеткіш бес жылда 4,7%-ға төмендеген.
Екінші орынға халықаралық ұйымдар шықты, олардың алдында Қазақстанның берешегі 13,9 млрд долларды құрап, 29,9%-ға артқан. Үшінші орында – Ұлыбритания, оған қарыз $13,2 млрд құрайды, бұл көрсеткіш 40,8%-ға төмендеген.
Тізімнің келесі орындарын иеленген елдер: Ресей – 13,1 млрд доллар (+43,9%), АҚШ – $12,04 млрд (-7,4%), Бермуд аралдары – $9,5 млрд (+35,7%), Қытай – $9,3 млрд (-12,3%).
Салалар бойынша сыртқы қарыздың ең үлкен үлесі келесі бағыттарда: кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру- $79,3 млрд, қаржы және сақтандыру қызметі- $20,4 млрд, өңдеу өнеркәсібі- $12,9 млрд.
Ең төменгі несие міндеттемелері сумен жабдықтау саласында- $244 млн, ал тұру және тамақтану қызметтері саласында- $296,2 млн құрайды.
Бұған дейін, LS редакциясы Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) "ҚазАвтоЖолға" 449 миллион еуро көлемінде несие беруді көздеп отырғанын хабарлаған еді. Бұл қаржы Ақтөбе- Ұлғайсын бағытындағы автожолдың 234 шақырымдық бөлігін жаңғырту мен реконструкциялау, сондай-ақ жоба аясындағы консалтингтік қызметтерге жұмсалмақ.
2024 жылғы қыркүйекте Жоғары аудиторлық палата Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, 2025 жылы қарыздарды өтеу және қызмет көрсетуге арналған шығыстар 6,1 трлн теңгеге жететіні туралы мәлімдеген болатын.