Қонаевта академиялық қалашықты (академқалашық) салу үш кезеңмен жүзеге асырылмақ. Бұл туралы LS-ке Алматы облысы әкімдігінен хабарлады.
Бас жоспарға сай "Жаңа Іле" аумағында кампус салуға 200 гектар жер қарастырылған. Қазіргі уақытта сәулеттік-жоспарлау шешімдері дайындалып, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқылануда. Әкімдік мәліметінше, академқалашықтың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
"Әр кезеңнің жүзеге асырылу мерзімі мен пайдалануға беру уақыты барлық мүдделі тараптармен келісе отырып белгіленеді", – деп түсіндірді әкімдікте.
Сонымен бірге академқалашықты салу үшін бюджеттен тыс және инвестициялық қаржы көздерін тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Жоба жыл сайын 30 мың студентті қабылдауға бағытталған. Кампус аумағында оқу ғимараттары, зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен технопарктер, жатақханалар, қонақ үйлер, кітапханалар, студенттерге арналған коворкинг орталығы, емханалар, бассейні бар спорт кешені және оқытушыларға арналған қызметтік тұрғын үйлер бой көтермек.
"Жоба аясында жер пайдалану, инженерлік желілерге қосылу және инфрақұрылымды дамыту бойынша қажетті қолдау көрсетіледі", – деп сендірді әкімдікте.
Жалпы, өнеркәсіпті дамыту, жұмыс орындарын ашу, маятниктік көші-қонды қысқарту және инвестиция тарту мақсатында академқалашықты ғылыми, білім беру және медициналық орталықтармен ықпалдастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қалашық аумағында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары, жаңа университеттер, сондай-ақ инновациялық орталықтар мен ғылыми ұйымдар ашу көзделген. Қазіргі уақытта халықаралық ұйымдар мен әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
"Қонаевте жүзеге асырылатын академқалашық жобасы халықаралық деңгейдегі жаңа білім мен ғылым орталығын қалыптастыруға бағытталған ірі инвестициялық бастама болмақ", – деп қорытындылады әкімдікте.
Бұған дейін, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академқалашық құрылысы шамамен екі-үш жылға созылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Дегенмен, бұл мерзім инфрақұрылым нысандарының салыну қарқынына тікелей байланысты. Жоба аясында кәріз-тазарту жүйелері, көлік инфрақұрылымы, ЖЭО, сорғы стансалары, жолдар мен су құбыры нысандарын салу көзделген. Министрдің айтуынша, академқалашық құрылысына шамамен 120 гектар жер бөлінген.
Академқалашық салу жөніндегі бастама алғаш рет 2022 жылы көтерілді. Сол кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласының студент жастарға арналған білім беру және өмір сүруге қолайлы орталыққа айналу мүмкіндігін атап өткен еді. Президенттің айтуынша, қала аумағында жатақханалар салуға жеткілікті жер бар.










