Мұнай-газ саласының 10 ірі компаниясы сегіз ай ішінде бюджетке шамамен 3,8 трлн теңге салық төледі, деп хабарлайды LS.
Мемлекеттік кірістер комитеті редакцияның сұранысына жауап ретінде 2025 жылдың сегіз айындағы салық төлемдері туралы мәлімет берді.
Осы кезеңде ең көп салық төлеген компания – "Теңізшевройл" болды: 2,3 трлн теңге (2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 2,04 трлн теңге).
Басқа компаниялар:
- Қазақстандағы "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." – 733,2 млрд теңге (820,49 млрд теңге);
- "Маңғыстаумұнайгаз" – 164,08 млрд теңге (187,5 млрд теңге);
- "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." филиалы – 102,6 млрд теңге (150,6 млрд теңге);
- "Қаражанбасмұнай" – 84,08 млрд теңге (103,9 млрд теңге);
- "Ембімұнайгаз" – 83,4 млрд теңге (111,08 млрд теңге);
- "ҚазМұнайГаз" – 77,5 млрд теңге (51,3 млрд теңге);
- "Өзенмұнайгаз" – 68,2 млрд теңге (111,8 млрд теңге);
- "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" – 66,6 млрд теңге (93,6 млрд теңге);
- "Қазгермұнай" кәсіпорны – 45,9 млрд теңге (51,2 млрд теңге).
Бұған дейін, LS редакциясы мұнай-газ саласындағы үш ірі компанияның салықтық үлесін есептеді. Ол кезде олардың аударымдары 3 трлн теңгеден асқан. Мемлекеттік кірістер комитеті атап өткендей, Ұлттық қордың кірістері мұнай саласындағы ұйымдардың салық төлемдерінен қалыптасады. Бұл көрсеткіш ішкі және сыртқы факторлардың әсеріне тікелей байланысты.
Сондай-ақ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жер қойнауынан 49,9 млн тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Оның 19,46 млн тоннасы – Теңізшевройлға тиесілі (155,3 млн баррель).