Сауда және интеграция министрлігі елдегі ет бағасының қымбаттауын ішкі және сыртқы нарықтағы жоғары сұраныспен түсіндірді, деп хабарлайды LS.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, соңғы бір жылда қой еті 27,7%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар өзге ет түрлерінің бағасы да өскен.
"Иә, ет бағасы өсіп жатыр. Бірақ бұл күрт қымбаттау емес. Ең бастысы – дүкендер мен базарларда ет жеткілікті, тапшылық жоқ. Өткен демалыста жүргізілген мониторингке сәйкес, базарларда сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келісі үшін шамамен 3,7 мың теңгені құрады. Сауда желілерінде баға сәл жоғары. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге халықты етпен тұрақты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – деді министр.
Министрдің айтуынша, еттің қымбаттауына бірнеше фактор әсер етіп отыр.
"Қазір етке сұраныс Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жоғары. Соның салдарынан бағаға да әсер етіп жатыр. Бұған қоса, Парсы шығанағындағы жағдай қой еті бағасының өзгеруіне ықпал етті. Дегенмен ет бағасы күрт қымбаттап жатқан жоқ. Баға өзгергенімен, жалпы жағдай тұрақты. Сондай-ақ, нарықта мал шаруашылығы өнімдерінің тапшылығы жоқ", – деді министр.
Министрдің айтуынша, әлемде етке деген сұраныс артып келеді. Соның салдарынан бұл жағдай Қазақстандағы ет бағасына да әсер етіп отыр.
"Қазір Қытайда, Африка елдерінде және басқа мемлекеттерде етке сұраныс көбейген. Қазақстан да әлемдік нарықтың бір бөлігі болғандықтан, көрші елдерде сұраныс артса, кәсіпкерлер етті сол жаққа сатуға тырысады. Соның салдарынан еліміздегі бағаға да әсер етеді. Сондықтан экспортқа сұраныстың артуы ет бағасының өсуіне себеп болып отыр", – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін, LS редакциясы фермерлер қуаңшылық салдарынан жем-шөп бағасы өсіп, соған байланысты ет те қымбаттауы мүмкін екенін жазған еді.










