Ресей рублінің әлсіреуі аясында теңге нығайып келеді. Бұл жағдайдың қанша уақытқа созылатынын "Финам" қаржы тобының сарапшысы Николай Дудченко LS тілшісіне айтып берді.
"Наурыз айында биржадан тыс нарықта рубль 5,2%-ға төмендеді, ал теңге 4%-ға күшейді. Қазір рубль бағамы қайта құбылып жатыр. Сәуірде теңге нығая түсіп, доллар бағамы 460 теңгеге жуықтады", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, USD/KZT бағамы одан әрі төмендеуі мүмкін.
"Қазір доллар бағамы 440-450 теңгеге дейін түсуі ықтимал. Бұдан бөлек, жақын бір айда RUB/KZT 6,1-6,3 деңгейінде тұрақтайды деген болжам бар", – деп қосты ол.
Сарапшы теңгенің долларға қатысты күшеюі экономикаға қалай әсер ететінін де түсіндірді. Оның айтуынша, АҚШ Қазақстан үшін нетто-экспорттаушы, яғни импорт көлемі экспорттан басым.
"Осыған байланысты теңгенің қатты нығаюы теңгерімсіздікті күшейтуі мүмкін. Себебі күшті валюта импорттаушыларға тиімді, ал экспорттаушыларға тиімсіз. Ұзақ мерзімде бұл "шикізатқа айырбас" моделін күшейтіп, өндіріс саласына теріс әсер етуі мүмкін", – деді ол.
Бұдан бөлек, сарапшы бұл үрдістің жағымды тұстарына да тоқталды.
"Теңгенің нығаю – дефляциялық үрдіс. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуін жеделдетіп, кейін жұмсақ ақша-кредит саясатына көшуіне жол ашуы мүмкін. Бұдан бөлек, доллармен қарызы бар компаниялар үшін бұл тиімді, себебі олардың қарызы азая түседі", – деді сарапшы.
Бұл үрдістің қанша уақытқа созылатынын нақты болжау қиын. Сарапшының пікірінше, көптеген фактор Таяу Шығыстағы қақтығыстың аяқталу перспективасына байланысты, өйткені бұл энергия ресурстары бағасына әсер етеді.
"Қазір Қазақстанның жағдайы Ресейге ұқсайды, өйткені мұнай қымбаттап, экспорттық табыс артты. Бірақ шикізат нарығында түзету болса, бұл үрдіс аяқталып, валюта бағамы кері өзгеруі мүмкін. Сол себепті нақты мерзімді айту қиын бәрі логистикаға байланысты", – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, 6 сәуірде KASE-де доллар бағамы 465,25 теңгені құрады. Ақпан айының соңынан бері теңгенің рубльге шаққандағы нығаюы байқалады.
Бұған дейін, Ұлттық банк бұл құбылыстың себептерін түсіндірген еді.










