Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 23%-ына тең. Бұл әлемдегі орташа деңгейден айтарлықтай төмен. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның сөзінше, Қазақстанның борыштық жүктемесі салыстырмалы түрде төмен деңгейде.
"Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ- нің шамамен 23%-ын құрайды. Бұл әлемдегі орташа 58% көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ал орташа өлшенген көрсеткіш бойынша әлемдегі мемлекеттік қарыз деңгейі 93%-ға жетеді",- деді А. Қасенов Kazakhstan Insurance Forum 2026 форумында.
Оның айтуынша, мемлекеттік қарыздың ЖІӨ- ге шаққандағы үлесі 23% болғандықтан, рейтингтік агенттіктер Қазақстанды борыштық жүктемесі төмен елдердің қатарына жатқызады.
"Жалпы, әлемдегі елдердің 92%- ында борыштық жүктеме Қазақстанға қарағанда жоғары. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан төмен деңгейдегі борыштық жүктемесі бар елдердің қатарында",- деді вице-министр.
Сонымен қатар вице-министр бюджет тапшылығына тоқталды. Оның айтуынша, Еуропалық одақта ЖІӨ-нің 3%-ына дейінгі бюджет тапшылығы қалыпты деңгей саналады.
"Қазақстанда бюджет тапшылығы шамамен 2,5%-ды құрайды. Биыл да бұл көрсеткіш осы деңгейде болады деп күтілуде. Яғни, бюджет тапшылығы қалыпты әрі тұрақты деңгейде",- деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, вице- министр Қазақстанның ұлттық қор қаражатына тәуелділігі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті.
"Соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерге назар аударсақ, Ұлттық қордан берілетін трансферттерді есептемегендегі бюджет тапшылығы, яғни мұнайлық емес тапшылық тұрақты түрде төмендеп келеді. Биыл оның деңгейі соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетеді деп күтілуде",- деді А. Қасенов.
Оның айтуынша, бұл экономиканың тұрақтылығын арттырады. Мұндай үрдісті рейтингтік агенттіктер де атап өтуде.
Вице-министр Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды фактор ретінде Ұлттық қордың болуын атап өтті.
"Әлемде мұндай қорлар көп елде жоқ. Егеменді қорлар шамамен мемлекеттердің үштен бірінде ғана бар. Ал Қазақстандағыдай, көлемі ЖІӨ-нің шамамен 20%-ына тең қор 10-нан аз елде ғана бар. Бұл есепте алтын-валюта резервтері ескерілмейді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан рейтингі ұқсас елдердің көбінен алда",- деп қорытындылады вице-министр.









.png)