Қазақстанда салықтарды төлеу бойынша бір жылға кейінге қалдыруға рұқсат беру жоспарлануда, деп хабарлайды LS.
Мәжілісмен Сергей Симонов әріптестеріне Салық кодексіндегi түзетулерді таныстырды.
Осылайша, шетелдік валютаны теңгеге айырбастауды жүзеге асырған бизнес субъектілері тауарларды экспорттау кезінде 80%-ға дейінгі мөлшерде ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген тәртібі бойынша нормалар ұсынылады. Бұл ретте ең төменгі жалақының орнына АЕК (2917 теңге – 1 АЕК) негізінде есеп айырысу жоспарлануда.
Екіншіден, депутаттың айтуынша, алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы азаматтарға, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары мен "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы хабарлау ұсынылады. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап жүк көтерімділігіне байланысты жүк автомобильдері үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша "В" санатындағы жеке көлік құралдарына салықты есептеу құқығы берiлмек.
"Салықтарды төлеу бойынша мерзімін ұзартуды бір жылдан астам уақытқа тек жылжымайтын мүлік кепілімен немесе банк кепілдігімен беру ұсынылады. Жеке тұлғаның тұрғын үйді кепіл ретінде қабылдауына шектеу енгізу қажет", - деп атап өтті Симонов.
Бұдан басқа, несиелік серіктестіктерге резервтер құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқық беру; тарату салық тексеруінсіз камералдық бақылау арқылы ҚҚС төлеушілердің қызметін тоқтатуды жеңілдету; алкоголь өнімі бойынша акцизді төлеудің екінші тәсілін – жөнелту күні беру ұсынылып отыр.
"Үшінші. ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімнің нормаларын заңнамаға имплементациялау ұсынылады. Сондай-ақ, мобильдік төлемдерді реттеп, банктердің мемлекеттік кірістер органдарына шетелдік интернет-компаниялардың пайдасына жеке тұлғалар жүзеге асырған төлемдер мен аударымдардың сомалары туралы ақпарат беру жөніндегі міндетін көздеу. Бұл норма шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС-ты, "Google"-ге салықты уақтылы төлеуі үшін қажет", - деп нақтылады ол.
Сондай-ақ, депутат кәсіпкердің QR-кодындағы ақпараттық картасы болып табылатын салық төлеушінің паспортын енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, бұл жаңалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қоғам тарапынан бақылауды күшейту үшін керек. 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін қайта қарау жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, заң жобасында Салық кодексінен қайтару кезінде қолданылатын ҚҚС бақылау шоты бойынша нормаларды алып тастау ұсынылады.
"Шетелдік тасымалдаушылар үшін көліктерінің ҚР аумағы бойынша жүргені үшін алым мөлшерлемесін 20 АЕК-тен (58,3 мың теңге) 30 АЕК-ке дейін (87,5 мың теңге) арттыру жоспарлануда. Заңға тәуелді актілер деңгейінде тәуекелдерді басқару жүйесінің өлшемдерін анықтау, темекі өнімдері бөлігінде "акциздік маркалар" терминін "сәйкестендіру құралдары" терминіне ауыстыру", - деп атап өтті Симонов.
Ол сондай-ақ, жаңа түзетулерде "мобильді төлемдер" ұғымын нақтылау жоспарланғанын айтты. Бүгінгі таңда Салық кодексінде төлемнің тек екі түрі қарастырылған – бұл қолма-қол ақшамен және фискалдық чекті міндетті түрде қағып, терминал арқылы карточкалық аудару жолымен, деп қосты депутат.
"Бұдан басқа, кәсіпкерлік субъектісі мен жеке тұлғалар арасында жүргізілген операциялар бойынша ақпарат алмасу мүмкіндіктері қосымша кеңейтілуде. Мұнда банктер бизнес пайдаланатын қаржы өнімдерін қосымша жақсартуы тиіс. Яғни, бизнес жүргізуге арналған шоттарды бөліп, мобильді аударымдармен төлеген кезде чекті фискализациялау рәсімін жеңілдету керек және тұтастай алғанда мобильді қосымшаларды жақсарту керек", – деп түсіндірді Симонов.
Оның айтуынша, бұл кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу рәсімдерін жеңілдетуге және сәйкесінше, салық төлеу кезінде тоқсан сайынғы, жартыжылдық есептілікті ұсынуға мүмкіндік береді. Ал тұтынушылар үшін бұл құқықтарды қосымша қорғау болады.
Айта кетейік, мәжіліс "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы "Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шағын коммерциялық көлікке салынатын салық қайта қаралады. Осы күнi 1 млн-нан астам қазақстандықтың мүлік салығы бойынша берешегі бар екені белгілі.