Жұмыссыздық бойынша жәрдемақының төлену мерзімі мен оның мөлшерін қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды LS.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) шеңберінде анықталған кейбір заңсыз схемаларға байланысты жұмыссыздық бойынша төлемдерді шектеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
"Иә, мұндай өзгерістер бар екенін растаймын. Бұл қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында анықталып жатқан схемаларға байланысты. Мысалы, бухгалтер он ұйымға жұмыс істегеннен кейін жұмыстан шығып, жәрдемақы алу үшін өзін жұмыссыз ретінде тіркеген жағдай бар. Ереже бойынша төлем оның соңғы орташа жалақысына сәйкес есептеледі. Біздің мақсатымыз- осындай көлеңкелі схемаларды жою. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, 1 млн теңгеге дейін жәрдемақы алған жағдайлар да бар. Бұл дұрыс емес. Сондықтан қазір төлемдердің шекті мөлшері қайта қаралып жатыр", – деді ол.
Министр бұл мәселе еңбек министрлігінің күн тәртібіне шығарылғанын атап өтті.
"Кейде керісінше де болады кеше ғана жұмыстан шыққан адам үш күннен кейін-ақ жұмыссыз ретінде жәрдемақы алуға өтініш береді. Төлем жүйесін реттеу қажет, артық және негізсіз төлемдерді болдырмау үшін өзгерістер енгізіледі. Қазір жүйеде реттеуді қажет ететін тұстар жеткілікті. Пандемияға дейін жұмыссыздарға жәрдемақы ең көбі төрт ай төленетін, кейін ол алты айға дейін ұзартылған, сол күйі қалып қойған. Бұл дұрыс емес, қайта қаралатын болады. Біз жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны төрт айға дейін қысқартамыз", – деді А. Ертаев.
Сондай-ақ, ол қазақстандықтарға еш алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, МӘСҚ-ның банкрот болу қаупі жоқтығын атап өтті. Қор қалыпты әрі тұрақты жұмыс істеп жатыр, оның қаржылық қоры жеткілікті.
Бұған дейін мәлім болғандай, 2025 жылы елде 1 млн-нан астам адам еңбек орнын өзгерткен. LS редакциясының материалдарында жұмыссыздық деңгейі мен еңбекақы туралы мәліметтер келтірілген.










