Centras Securities базалық мөлшерлеменің 16%-ға, инфляцияның – 20%- ға дейін, ал доллардың бағамы – 2022 жылдың соңына дейін 490 теңге деңгейінде өсуін болжап отыр. LS бұл пікірді нарықтың кәсіби қатысушылары қалай бөлісетінін білді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығында қазір шикізат бағасы төмендеуде (соңғы айда мұнай бағасы – (-)14,7%) деген деректер келтірілген. Сондай-ақ, азық-түлік бағаларының жалпы әлемдік индексі бесінші ай қатарынан төмендеуде (тамыз айында 138 пункт). Бұдан басқа, көптеген елдер монетарлық саясатты қатаңдатуда, бұл олардың экономикалық өсуін баяулатып, жаһандық рецессияның туындау ықтималдығын арттырып отыр. Осыған байланысты инфляциялық қысымның төмендеуі Қазақстанда да күтіледі.
"Тиісінше, инфляцияның 20%-ға дейін үдеуі және базалық мөлшерлеменің 2022 жылдың соңына дейін 16%-ға дейін көтерілуі екіталай болып көрінеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына сәйкес, қаржы нарығының сарапшылары бір жыл ішінде (2023 жылдың қыркүйегіне қарай) инфляцияның 13,5% базалық мөлшерлемемен 12,5%-ға дейін баяулауын күтеді", - деп атап өтті қауымдастықта.
USD/KZT бағамына келетін болсақ, жыл соңына дейін теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Себебі федералды резервтік жүйе пайыздық мөлшерлемелерінің агрессивті өсуі доллар активтерінің тартымдылығын арттырады. Қазіргі уақытта доллар индексі өзінің жиырма жылдық ең жоғары деңгейіне (114,5 п.) жетті, бұл өз кезегінде дамушы нарықтардан капиталдың кетуін ынталандырады, оған Қазақстан да жатады.
"Қаржы нарығы сарапшыларының болжамынша, бір жылдан кейін USD/KZT жұбының бағамы $1 үшін 492 теңгені құрауы мүмкін", - деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығында.
Өз кезегінде "Финама" компаниясының талдаушысы Андрей Маслов, керісінше, базалық мөлшерлеменің 16%-ға дейін көтерілуін жоққа шығармайды. Алайда бұл деңгейде елдегі инфляция 20%-ға дейін өспей,16-18% көрсеткішінде тоқтауы мүмкін.
"Сонымен қатар, 490 теңгелік доллар бағамы да біршама жоғары болып көрінеді. Мұнда теңгенің 1 доллар үшін 480-ге дейін әлсіреуі туралы айтуға болады, дегенмен 490 деңгейіндегі көрсеткіш уақытша енуі мүмкін. Бірақ бұл деңгейде бекіту үшін әлі алғышарттар жоқ", - деп атап өтті ол.
Андрей Маслов сондай-ақ, халықаралық сауда мен басқа елдермен қарым-қатынаста Қазақстан ТМД-ның ең перспективалы елі болып көрінетінін атап өтті.