Қазақстанда демографиялық өзгерістер әлеуметтік жүктемені күшейтуі мүмкін. Қарттар саны артып, туу көрсеткіші төмендеген жағдайда бюджет шығыны да өседі. Мұндай болжамды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) келтірді, деп хабарлайды LS.
Қордың мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан халқының саны 20,5 млн адамға жетті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, оның 8,79 миллионын немесе 42,9%-ын 25 жасқа дейінгі азаматтар құрайды. 25 пен 65 жас аралығындағы тұрғындардың саны – 9,73 млн адам (47,5%), ал 65 жастан асқандар – 1,98 млн адам немесе халықтың 9,6%-ы.
Демографиялық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 26,5 млн адамға дейін артады.
Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылы бұл көрсеткіш төмендегенімен, 2025 жылы 75,97 жасқа жетті. Оның ішінде ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 72,91 жас, әйелдерде – 79,8 жас. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша орташа көрсеткіш 73,8 жасты құрайды.
Осыған байланысты БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда 60 жастан асқан азаматтардың үлесі халықтың жалпы санының 18,8%-ына жетеді. Бұл халықаралық жіктеу бойынша демографиялық қартаюдың "өте жоғары деңгейіне" жатады.
"2050 жылға қарай Қазақстанда әрбір алтыншы адам 60 жастан асуы мүмкін", – деп мәлімдеді қорда.










