Қазақстандық автоөнеркәсіп биылғы жылдың соңына қарай шағын торапты құрастыруды 20%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды LS.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев оның ведомствосы өндірушілерден не күтетінін айтты.
"Автоөндірушілер алдында шағын торапты құрастыру үлесін 2027 жылға қарай жалпы өндіріс көлемінен 50%-ға дейін ұлғайту бойынша міндеттемелер тұр. Қазірдің өзінде 2024 жылы біз шамамен 20%, 2025 жылы – 30%, 2026 жылы – 40% жетуіміз керек. Сонымен қатар Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын өнеркәсіптік аймақтардың алаңдарында автокомпоненттік базаны дамыту бойынша жобалар пысықталуда. Орындықтар өндірісі бар, Қытай автомобильдерін шығаратын көп брендті зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда. Зауыттың өндірістік қуаты 90 мың бірлікті құрайды, жобаның құны – 182 млрд теңге", - деді ол.
Министрдің айтуынша, көлік құралдарына арналған пластикалық бөлшектер мен мультимедиялық жүйелер өндіретін кәсіпорындарды пайдалануға беру жоспарлануда.
"2026 жылы 1 қаңтардан бастап дәнекерлеу және бояу жөніндегі техноперациялар Қазақстан аумағында өндірілетін әрбір автомобиль брендінде игерілетін болады. 2027 жылға қарай шағын торапты құрастыру әдісімен 200 мыңға жуық автомобиль шығару жоспарлануда", - деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, өндірілген автомобильдер желісі 2024 жылы Jetour маркасымен толықтырылып, чехиялық Skoda компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Changan, Chery, Haval сияқты танымал қытайлық брендтер 2025 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған өндірістік желіні ұйымдастыруға тартылды. Бұған дейін, Алматыда жаңа автоөндіріс іске қосылатыны хабарланған болатын.
Алматыда автомобиль кластерін дамыту жолға қойылмақ. Мәселен, индустриялық аймақтың кеңейіп жатқан аумағында екі жаңа автоөндіріс зауытын ашу жоспарланған.